Еңлік Сақтан:
Baribar.kz-ке алғаш келгенде сол кездегі бас редактор Ақбота Ерболқызы Алматыда 25-30 мың теңгеге хостелде тұратындар туралы жаз деп тапсырма берді. Сол күні үйге бара жатқанда жолай хостелдерге соқтым. Ең бірінші барған хостелімнен ашық-жарқын екі қызды таптым. Біреуі сұхбат беруге келісті, хостелге не себепті келгенін айта бастады. Күн батып жатқан, хостелден қараңғы түскенде қайттым. Қыздар асықпайды екен, әңгімесін тыңдап отырып қалдым.
Ертеңіне қаладағы Бостандық пен Алмалы аудандарындағы хостелдерді жаяу араладым. Жаңа аяқкиім сатып алғам, ол аяғымды әбден қажады. Сонша хостелді аралап, тұрғындарды әңгімеге тарта алмай-ақ қойдым, енді үйреніп жүрген кезім еді. Айқайлап ұрысқандар да болды. «Маған еш жерде көрінуге болмайды, аты-жөнім аталмауы керек» деп бас тартқандар да бар. Бір хостелдің тұрғындары бір-бірімен жақын араласады екен. Олар мені шайға шақырды. Сұхбат беретін адамды тыңдау үшін бәрімен бірге шай ішуіме тура келді. Телефоным өшіп қалғанда сол жерден зарядтап алғам. Жалпы, сол кезде біраз хостелді көріп, тұрғындарының өмірімен аз да болса, таныстым. Қазір хостелдердегі тіршілікті көрсетіп, репортаж жасауға болар еді деп ойлаймын.
Алматыда айына 30 000 теңгелік хостелде тұратындардың өмірі туралы
Мейірман Лес:
Baribar.kz-ке жазған алғашқы материалым несиесін төлей алмағандарға банк тарапынан қандай көмек берілетіні туралы болды. Тақырыпты алдым да, банктерге тез-тез хабарласып шықтым, бірақ материалды неден бастарымды білмедім. Содан «Қазір басында несиесі жоқ адам кемде-кем, ал оны төлей алмай жүргені қаншама» деген оймен бастадым.
Материалды жазып болған соң әріптесім Ақжарқын Қыдырханова оқып шықты. Бірден бұлай жазуға болмайтынын ескертті. Олай жазатындай Қазақстанда несиесі бар адамдардың нақты статистикасын білмеймін. Осыдан кейін анық-қанығына я дерек, я дәйек табылмаған, көз жетпеген нәрсені жазбайтын болдым.
Таңшолпан Бегалықызы:
Baribar.kz-ке жазған алғашқы материалымның бірі «Апалы-сіңлілі цирк гимнастары Карина мен Лиэль демеушіге зәру» деген тақырыппен жарияланды. Сұхбат берген екі қыз да, ата-анасы да орысша сөйлейді, қазақша мүлдем түсінбейді. Сол себепті басынан аяқ орысша әңгімелесуге тура келді. Арасында ойымды орысша толық жеткізе алмағанда Карина мен Лиэль түсінбей, алақ-жұлақ етіп отырды.
Мақаланы жарияларда мынадай қиындық болды: бұл әуелі сұхбат форматында басталады, сұрақ қоямын, Карина мен Лиэль кезекпен жауап береді, біраздан соң материал үшінші жақтан баяндалып кетеді, кейін сұхбатқа қайта ауысады. Материалды тексерген кезде бас редактор бұл дұрыс емес екенін, баяндау тәсілі бұлай шатаспауы керек екенін айтты. Қайта жазып шықтық.
Апалы-сіңлілі цирк гимнастары Карина мен Лиэль демеушіге зәру
Наргиза Аршидин:
Baribar.kz-ке жұмысқа келген соң редакцияға бірнеше тақырып ұсындым. Соның ішінен жылдам жазылатын біреуін таңдадық. Ғашықтар күні туралы фильмдер топтамасын дайындадым, бірақ бұл жазғаным сәл кейінірек жарияланды.
Сайтта жарияланған алғашқы материалым — «Малайзияда ағылшын тілін үйрену несімен тиімді?». Қазақстан студенті Арай Жеңіс Малайзияда ағылшынша үйренудің артықшылығы туралы айтып берді.
Гүлім Еркінбек:
MediaNet халықаралық журналистика орталығы жанындағы медиамектеп курсын бітіргеннен кейін бір медиаресурста тәжірибеден өтіп, бірнеше мақала жазу керек болды. Тәжірибеден өтуге Baribar.kz редакциясын таңдадым. Кейін жұмысқа тұрдым. Бұл кезде төтенше жағдай режиміне байланысты еліміздегі мекемелер қашықтан жұмыс істеп жатқан еді. Оқушылардың қосымша сабақтары да қашықтан өтті. Мен сол туралы мақаламды WhatsApp-пен комментарий ала отырып дайындадым.
Балалар өнер мен шығармашылықты қашықтан қалай үйреніп жатыр?