Стилист-кеңесші Бұлбұл Қалқанбаева Өскеменде тұрады. Ол Украина стилисі Маргарита Мурадованың «Жеке стилист» курсынан, Екатеринбургтегі стилистердің «Имидж бен стильдің жоғары мектебінен» онлайн білім алған. Клиенттері — 25-40 жас аралығындағы қыз-келіншек. Олардың арасында декретте отырған әйелдер, кеңсе қызметкерлері, мұғалімдер мен студенттер бар. Маман оларға киіну стилі жөнінде онлайн кеңес береді. Бұлбұлдың айтуынша, қазір стилистен кеңес сұраушы көп.
Әйелдер сырт келбетін өзгерткісі келсе, жаңаны қабылдауға дайын болуы керек. Стиль мен психология тығыз байланысты. Адам өзін жақсы көрмейінше, сыртқы бейнесі де көңілінен шықпайды, әсіресе дене бітіміне көңілі толмайтын қыздарда күйзеліс басым болады. Сондықтан стилист клиентінің жан дүниесіне үңіліп, әуелі оны сенімсіздік, қорқыныш, ерекшеленуден қысылу, ұялу сияқты әдеттерден арылтуға тырысады. Содан кейін ғана талғаммен киінуді, имидж қалыптастыруды үйретеді, — дейді ол.
Маманның айтуынша, сән — «көшпелі керуен», ал стиль тұрақты, ол — айтқың келген ой, ішкі дауыс. Жыл сайын қандай киім сәнге айналса да, әр адам өз стилін қалыптастырып үлгеруі керек.
«Өз стиліңді қалыптастыру үшін көп ақша керек» деу — сылтау ғана. Аз ақшамен де әдемі киініп жүргендерді білемін. Талғам бұлшықет сияқты. Оны жаттықтыруға болады. Маған келген клиенттерден байқағаным, қазақтың қыз-келіншегі күнделікті күйбең тіршілікке көп көңіл бөледі. Өзіне келгенде ақшасын аяйды. Жеке басын құрметтейтін келіншек киімінің олпы-солпы болмағанын қалайды. Киімнің жарасымды, ыңғайлы болуы адамға сенім береді, көңіл-күйін көтереді», — дейді маман.
Стилистің айтуынша, қазір сәнде де, стильде де еркіндік бар. Бұрынғыдай сән индустриясындағы қатып қалған қағидамен ешкім жүрмейді.
Бұлбұл адамның дене бітіміндегі кемшілікті киіммен жасыруға болатынын айтты. Бойы қысқа қыздар белі жоғары белдемше, шалбар, етегі асимметриялы көйлек кие алады. Шалбардың түсімен бірдей аяқкиім кисе, бойы ұзын көрінеді. Джинса шалбардың балағы тобықтан сәл жоғары болуы керек. Жамбасы үлкен қыздар фасоны А-силуэт немесе жеңіл матадан тігілген плиссе белдемше кисе, жарасымды. Денеге жабысып тұратын көйлектен абай болған дұрыс. Жакет пен кардиганның етегі жамбасты жауып тұрғаны жөн.
Аяғы түзу емес қыздар миди және макси ұзындықтағы белдемше не көйлек алғаны жөн. Тік пішімді, классикалық немесе палаццо шалбар кемшілікті байқатпайды. Толықтау қыздар минимализм стилінде киінгені дұрыс. Матасы қатты, иықты жинап тұратын киім артық салмақты жасырады. Арық көріну үшін денеге жабысып тұратын немесе артық майды жасырады деп кең өлшемді киім кию — қате. Жыртығы бар джинса, жылтыр тастармен безендірілген шалбарды да кимеген жақсы. Киім мен дененің арасында саусақ сыятындай өлшем қалдыруымыз керек, — дейді Бұлбұл.
Имидж қалыптастыруда киімнің түсі бір-бірімен үйлесіп тұрғаны жақсы. Бұл адамның ажарын ашып, келбетіне көрік береді.
«Адам киімді бір-бірімен қалай үйлестіруге болатынын білмесе, Иоханесс Иттен шеңберінің көмегіне жүгінгені жөн. Шеңберден бір түстің әртүрлі реңкін көруге болады. Түстердің бір бағытта жатқан реңкін монохром деп атаймыз. Мәселен, қызыл түстің бірнеше реңкін көруге болады. Ал қарама-қарсы жатқан түстерді үйлестіріп кию толықтырушы үйлесім деп аталады. Иттен шеңберінде қызыл мен жасыл, сары мен көк түстер бір-біріне қарама-қарсы тұр. Үшіншісі — триада. Бұл — бір-бірінен бірдей қашықтықта орналасқан үш түс. Біздің қоғам түстерді одан әрі үйлестіруге дайын емес. Оны көбі қабылдамауы мүмкін. Адамдар ерекшеленуден қорқады. Сол себепті қара түсті киімге жақын. Ашық түс кисе, барлығы соған қарайтындай болады. Қыздар қара киіммен артық салмақты жасырамыз деп ойлайды. Бұл жерде психологиялық жағдай басым. Мұнда өзгерістен қорқу, жаңаны қабылдамау, өзгеруге қадам жасағысы келмеу, комфорт зонасынан шыға алмау жатыр», — дейді сән маманы.
Әшекей тағу — сыртқы бейнеге «мінез беру». Әдемі киім киіп, сырға немесе жүзік, алқа тақпасаңыз, келбетіңіз бәрібір жұтаң болып тұрады. Сондықтан әшекейді де үйлестіріп тағуға әдеттенген жөн.
Киімді «Мұны немен киемін?» деген сұрақ қойып барып, сатып алған жөн. Біздің гардеробта ақ, қара, сұр түсті киім көп. Осы үш түстің айналасынан шықпай қаламыз. Қыздардың екінші бір проблемасы дүкенге барғанда үнемі ерекше нәрсе іздейді. Сөйтіп киімнің екеуі де менмұндалап тұрады да, жараспай қалады. Шалбарыңыз ерекше болса, жейдеңіз қарапайым болсын немесе, керісінше, жейдеңіз гүлді болса, біртүсті белдемше киюге болады, — дейді стилист.
Стилист дұрыс киіну жағынан талғам қалыптастыру үшін «Tiffany-дегі таңғы ас» (Блэйк Эдвардс), «Әзәзіл Prada киеді» (Дэвид Френкель) және сән мен стиль туралы басқа да фильмдерді көруге, Ботти Томастың «Измени свой гардероб, изменится и жизнь», Анушка Риздың «Умный гардероб», Наталия Найденскаяның «Мода. Цвет. Стиль», Ллойд Бостонның «Я всегда знаю, что надеть!» кітаптарын оқуға кеңес береді.