Басты бетЖаңалықтарМатематикалық лингвистиканың...

Математикалық лингвистиканың өкілі Асқар Жұбанов өмірден өтті

Асқар Жұбанов — 1938 жылы жазықсыз атылған қазақ лингвистика ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың ұлы.

Тектінің тұяғы, асылдың сынығы, белгілі тілші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов дүниеден озды. Бұл — қазақ ғылымы үшін ауыр қайғы. Қазақ еліне, отбасына, ағайын-туысқа қайғырып көңіл айтамын. Бақұл болыңыз, асыл адам! — деп жазды тіл білімі институтының баспасөз қызметкері Мейрамбек Таубалдиев Facebook-те.

Асқар Жұбанов 1937 жылы 13 қарашада Алматыда туған. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында орта білім алды. 1960 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтын тәмамдады.

Асқар Жұбанов — тіл білімінің математикалық лингвистика аталатын саласының өкілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі бойынша «Қазақ мәтінін ЭЕМ-нің көмегімен статистикалық зерттеу атты кандидаттық диссертация қорғады. Докторлық диссертациясының тақырыбы — «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдаудың негізгі принциптері». Өз саласына қатысты жүздеген ғылыми еңбек жазды. «Компьютерлік лингвистикаға кіріспе», «Қолданбалы лингвистика: формалды модельдер», «Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы», «Қолданбалы тіл білімінің мәселелері. Вопросы прикладного языкознания», «Қазақ сөзінің «Тіл — қазына» деректер базасы және оның теориялық негіздері. База данных «Тіл — қазына» казахского слова и ее теоретические основы» аталатын ғылыми монографиялардың авторы.