Басты бетҚоғамҚорқыт Ата...

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ түлектермен онлайн кездесті

Шарада университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова еліміздегі іргелі оқу ордасының қабырғасында білім алып, жетістікке жеткен, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген түлектермен емен-жарқын әңгімелесті.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті — көп жыл ішінде талай түлектерді жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеп, еліміздің дамуына үлесін қосқан бірегей оқу орны. Бүгінгі кездесу — соның бірден-бір дәлелі, біз әр түлегімізді мақтан тұтамыз. Жыл сайын университеттен мыңдаған жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге қадам басып, оқу ордасында алған білімін пайдаланып, өз саласының үздігі атанып жатыр. Міне, сол үздік түлектермен жиналып, алдағы уақытта еліміздің дамуына айрықша атсалысатын өздеріңіз сияқты бәсекеге қабілетті көшбасшы түлектердің жаңа буынын қалыптастыру жоспарын ақылдасқымыз келеді, — деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Кездесуде университет туралы ақпарат беріліп, алдағы атқарылатын жұмыс таныстырылды. Университет түлектері — ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы Илья Ильин, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов, «Хабар 24» телеарнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы, белгілі жазушы, республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Концерттік-гастрольдік қызметті үйлестіру  республикалық орталығының ресми өкілі Ержан Алданазаров, «Қор» мұнай компаниясының геология және игеру бөлімінің аға инженері, «Социум Қызылорда» қоғамдық қорының директоры Ерлан Мұсаев, Қызылорда облысының жерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Қайрат Тоғызбаев, «МБО» жарнама агенттігінің директоры Бахытжан Мамбетов және басқа да өз саласының үздіктері, белгілі кәсіпкерлер, ғалымдар шараға қатысып, ойларын бөлісті.
Айта кетейік, 2005 жылдан бастап университетте «Түлектер қауымдастығы» жұмыс істеп келеді. Білім ордасының әртүрлі іс-шарасында түлектердің белсенділігі байқалып отырады. Бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын қалыптастыру жолында, бітірушілердің жұмысқа орналасуында, инфрақұрылымды нығайтуда, университет мәртебесінің жоғарылауына әр саладағы жанашыр түлектер қолдау көрсетіп келеді.