Басты бетЖаңалықтарӘлеуметтік желіде...

Әлеуметтік желіде лотерея ойнатуға тыйым салынды

Қазақстан заңдарына лотерея түрлері және лотерея қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер жөнінде бұған дейін бірнеше рет хабарланған еді. Жаңа заң бойынша елімізде заңсыз лотерея жарнамасына және әлеуметтік желіде ұтыс ойнатуға тыйым салынады. Енді «лотерея» сөзі лотерея операторы өткізетін, мемлекет бақылайтын ресми ұтыс ойындарына ғана қолданылады.

Лотерея және лотерея қызметіне қатысты заң жобасында лотерея операторынсыз, лотерея операторымен арадағы лотерея жүргізу жөніндегі келісімсіз ұйымдастырылатын кез келген ойын заңсыз немесе лотерея емес деп есептеледі, — деген еді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасы мақұлданған кезде.

Министрдің айтуынша, қазір лотерея деп аталып жүрген ұтыс ойындарының бәрі бірдей лотерея емес, сол себепті олардың жарнамасы заңсыз деп танылып, ұйымдастырушылар жазаланады.

10 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына да қол қойды.