Қызылорда облысында ҰБТ ерекше санитария жағдайында өтеді

Қызылорда облысында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тоғыз тестілеу орталығында өтеді. Облыс бойынша 2020 жылы 6 059 оқушы мектеп бітірсе, соның 5172-сі ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Түлектер карантинге байланысты ҰБТ-ны ерекше санитария жағдайында тапсырады.

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлім басшысы Алмаш Шуахбаеваның айтуынша, елдегі індетті ескере отырып, ҰБТ-ны өткізудің арнайы алгоритмі әзірленді.

Аудиторияда тест тапсыратындар саны кем дегенде екі-үш есе қысқарады. Алгоритмге сәйкес тестілеу өткізілетін орындарда бір күн бұрын залалсыздандыру құралдарын қолдана отырып және тестілеу өткізу барысында 2 сағат сайын ылғалды жуып-шаю жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оған қоса, аудиторияға түлектерді кіргізу мен отырғызу кезінде 2 метрден кем емес қашықтық сақталады. Тестілеу өтіп жатқан ғимарат аумағына ата-аналарды жібермеу, оқушыларды күту кезінде адамдардың жиналуын үш адамнан асырмау қарастырылған, — деді Алмаш Шуахбаева.

Оған қоса, ғимаратқа кіреберісте санитайзерлердің болуын, пайдаланылған медицина маскаларына арналған қоқыс жәшігінің орнатылуын, маскасы жоқ оқушыларға бірреттік маска бере алатын қордың болуын қарастыру керек.

Алгортимде ҰБТ пунктінде медицина кабинетінің болуы, дәрігер мен медибкенің, жедел жәрдем көлігі кезекшілігінің болуы міндетті екені көрсетілген. Тестілеу ғимаратындағы қызметкерлердің, комиссия мүшелері мен оқушылардың дене қызуы өлшеніп, мекемеге тек медицина маскасымен кіреді.

Талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ өткізу тәртібі мен ережелерінің алгоритмі жергілікті білім бөлімдері мен ҰБТ пункттерінің басшыларына жолданды. Білім бөлімдері, ҰБТ пункттері мен білім беретін мектеп басшыларымен коронавирус инфекциясын және жұқпалы  ауруларды жұқтыруды, тағамнан улануды болдырмау мақсатында санитария талаптары үздіксіз түсіндіріліп жатыр, — деді спикер.

Оның айтуынша, ҰБТ пункттерінің өтініштері негізінде тестілеу ғимараттарына ұялы телефон дабылдарын басу құралдарын мен бейнебақылау қондырғыларын орнату кезінде оқушылардың қауіпсіздігі үшін 83 аудиторияда электромагнит өрісіне 498 зертханалық өлшем жүргізілді. Сәйкессіздік анықталған жоқ. Әр аудиторияда желдеткіш, стандарт жиһах және әжетхана бар.

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және білім басқармасы мамандары тестілеу өткізілетін орындарға мониторинг жүргізді. Залалсыздандыру туннелі, тепловизор, сайнитайзер және медицина пункттері жоқ кей тестілеу мекемелері бойынша Алгоритм талаптарына сүйене отырып, жергілікті білім бөлімдері мен ҰБТ орталықтарына тапсырма берілді.

Алмаш Шуахбаеваның айтуынша, тестілеу өтетін ғимараттарда «ҰБТ өткізу тәртібі мен ережелерінің алгоритмі» бойынша дайындық әлі жүріп жатыр. Осыған сәйкес мониторинг жасау жалғасады.