Қызылорда облысында ҰБТ-ға дайындық пысықталды

Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында Арал, Қазалы, Жосалы, Ахай, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған кенттерінде, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғимараты мен Мұрагер мектебінде өтеді. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, 2020 жылы тестілеуге қатысуға 5 172 бітіруші онлайн тіркелді.

Биыл облыста мектеп бітірушілердің 80%-і, яғни 5 172 түлек ҰБТ тапсыруға тіркеліп отыр. 2019 жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсырушылар саны 13% көбейді. Биыл ҰБТ-ға біршама жаңашылдық енгізілді. Педагогика мамандығы бойынша шекті балл — 70-ке дейін көтерілді, тестілеу уақыты 4 сағат болатын болды. Тестілеу барысында қарапайым калькулятор пайдалануға рұқсат беріліп отыр, тиісінше бақылау күшейтіледі, — деді Наурызбай Байқадамов.

Оның айтуынша, облыстағы тестілеу пункттері талапқа сәйкес жабдықталған.  ҰБТ кезінде санитария талаптары қатаң сақталады. Түлектерді кіргізу және аудиторияларға жайғастыру кезінде 2 метр қашықтықты сақтау талап етіледі және тестілу маска режимінде өтеді. Тестілеу пункттеріне 1 449 талапкер көлікпен апарылады, 532 түлек тестілеу пунктіне жақын жерде жатын орынмен қамтамасыз етілсе, 1 581 балаға тамақ беріледі. Тестілеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің арнайы мониторинг тобы бақылайды.