Гүлшара Әбдіқалықова жазда суға шомылу ережесін сақтауды ескертті

Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова суға шомылу ережесі туралы Facebook-парақшасында жазды.

Құрметті жерлестер! Құрметті ата-аналар! Міне, жаздың ыстық маусымы да келіп жетті. Мұндай аптап күндері, әлбетте ойын баласы ғана емес, ересектер де суға түсіп, салқындағысы келетіні белгілі. Дегенмен дәл осы күндері суға шомылу ережесін қатаң сақтаңыздар деген тілегіміз бар. Өйткені рұқсат етілмеген жерде шомылып, суға кетіп жатқандар қатары көбейіп жатыр. Жалпы жыл басынан бері тоғыз адам суға кетіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ең өкініштісі, қайтыс болғандардың төртеуі – жасөспірімдер, — деп жазды Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-парақшасында.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдік қайғылы жайттарды болдырмау үшін қауіпсіздік шарасын қолға алып жатыр. Мысалы, дария жағалауынан суға түсуге қолайлы жағажайлар ашылып жатыр. Онда құтқару құралдары бар. Тиісті мекемелер сол маңда күн сайын рейд жүргізіп, азаматтарға қайда шомылуға болатыны жөнінде нұсқау беріп жүр.

Құрметті жерлестер, ресми түрде рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылу қажет екенін ескертеміз. Өйткені адамдар ауыл ішіндегі каналдар мен кіші көлдерде суға жиірек кетіп жатыр. Әсіресе ата-аналар суға түсуге баласын қараусыз жібере салатын, ересектер мас күйінде суға түсетін жағдай көп. Іздеу жұмысы тоқтаусыз жүрсе де, суға кеткендерді дер кезінде табу қиын. Тіпті суға былтыр батып кеткен адамның кейбірі әлі күнге дейін табылмады. Сол себепті бұрын түспеген көл-дарияға шомылмауды, су жағасында балаларға сақ болуды сұраймыз, — деді облыс әкімі.

Гүлшара Әбдіқалықова жазда табиғатқа шыққанда өрт қауіпсіздігін сақтау керек екенін де айтты. Биыл далада болған өрт 2019 жылмен салыстырғанда 35 есе көп. Мұндай өрт 6,5 миллион гектар орманға кесірін тигізіп жатыр. Оның айтуынша, табиғатқа шығып, жаққан отын өшірмей кеткен кей тұрғын кесірінен дала және орман өрті өршіп кетті. Осы күнге дейін өрт шығуына кінәлі төрт адам анықталды.