Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаевтың...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы коронавирус жұқтырды

Ардақты ағайын! Өкінішке қарай, бүгін аса бір жайсыз жаңалықты жариялайын деп отырмын. Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше жасатқан тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес. Ем қабылдап жатырмын, — деп жазды ол.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған, — деп жазды Берік Уәли.

Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, коронавирустың бар екеніне сенбейтін, ауруды жоқ дейтін азаматтар бар. Ол өзінің инфекция жұқтырғанын осындай азаматтардың көзі жетсін деп жариялаған.

Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда «Ауырған адамды көрсетіңдерші», «Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?», «Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?» деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек.

Берік Уәли барша халықты карантин режимі мен профилактика шараларын ұстануға шақырды. Оның айтуынша, пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды.