Қызылорда облысының 5 173 түлегі ҰБТ тапсырады

Қызылорда облысындағы тестілеу пункттері мәліметі бойынша 2020 жылы облыста 6 101 оқушы мектеп бітіреді. Оның 85%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Қазақстанда ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Әр аудиторияда оқушы саны 75 адамнан аспауы керек. Тест тапсырушылардың арақашықтығы 2-3 метр болуға тиіс. ҰБТ жылдағыдай дәстүрлі қағаз түрінде, бес пәннен (үш міндетті+екі бейінді пән) тапсырылады. Барлық тест тапсырмасының саны — 120. Жалпы балл — 140. Педагогика мамандықтарына тапсыруға мүмкіндік беретін шекті балл — 70.

Қысқартылған оқу мерзімдері бойынша оқуға түсушілер жалпы 60 сұраққа жауап беріп, екі пәннен тест тапсырады. Ең жоғарғы балл — 70. Кітапшадағы тест тапсырмалары оқулықтан алынады.

Талапкердің жанында қол жүгі, басқа және тыйым салынған заттар болса, тестілеуге жіберілмейді. Тыйым салынған заттарды алып кірмекші болған және оларды тестілеу кезінде қолданған оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуден бір жылға шеттетіледі және тест нәтижесі жойылады. Олар бір жыл көлемінде ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге де қатыса алмайды.

Тест тапсыру аудиториясының бәрінде бейнебақылау орнатылған, азаматтар аудиторияны кез келген өңірден бақылай алады. Апелляцияға тестілеуден соң сол күні онлайн өтініш беруге болады. Апелляцияны жергілікті және республикалық апелляция комиссиясы қарайды. Кез келген ҰБТ тапсырушы тұлға аноним түрде қате деп санаған сұрағын апелляцияға бере алады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбеттің бұйрығымен 2020-21 жылдарға қай мамандықтар бойынша мемлекеттік білім берілетіні туралы тапсырыс бекітілді. Құжатқа сәйкес, биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 53 864 грант бөлініп отыр.

2020 жылдан бастап мамандықтың грант байқауы орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбей, біртұтас өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификаты электрон түрде беріледі, ол Ұлттық тест орталығының сайтында орналастырылады.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өзгеріс болса, қосымша хабарланады.