Қорқыт Ата атындағы университет түлектері алтын медальмен марапатталды

«Мемлекеттік рәміздер — мақтаныштарымыз!» шарасының басты қонағы университет түлегі, ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, зілтемірден әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды.

ФКС-18-1 оқу тобының студенті, шахматтан үш дүркін әлем чемпионы, жеті дүркін Азия чемпионы Әсел Серікбай, ФКС-18-5 оқу тобының студенті, Киокушинкай-кан каратэдан әлем және Азия чемпионы Айбек Алданазарұлы, ФКС-18-5 оқу тобының студенті, парадзюдодан әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы, ФКС-18-3 оқу тобының студенті, таэквондодан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Х жазғы универсиаданың жеңімпазы Жандос Орынбек және ФКС-17-3 оқу тобының студенті, дзюдодан Азия чемпионы, Х жазғы универсиаданың қола жүлдегері Нұрлыхан Шархан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының алғыс хатымен марапатталды, спортшыларға естелік сыйлықтар берілді.

Шарада ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арнап марапат иелері университет ректорымен бірге еліміздің әнұранын орындады. Илья Ильин және Nur Otan партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есенжол Назаров шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.