Сырдарияның сол жағалауында орналасқан төрт жаңа тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілді. Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кейінгі 3 жылда бұл бағдарлама бойынша облыстағы тұрғын үйлер құрылысына 45,4 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 398 мың шаршы метрдегі 141 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Кейінгі 3 жылда облыстағы 5 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. 20 мыңнан астам тұрғын баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл өңірде 81 тұрғын үй салынып жатыр, онда 1 186 пәтер болады. Бүгін сол жағалаудағы жаңа тұрғын үйді пайдалануға береміз. Қоныс құтты болсын, — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Әкім қоныс тойын тойлап жатқан Өтеповтер шаңырағында болды. «Алтын алқа» иегері Алмагүл Өтепова Гүлшара Әбдіқалықоваға тұрғындар атынан алғыс білдірді.
Бүгін жаңа пәтеріміздің кілтін алып, қуанып отырмыз. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтқым келеді. Аймақ басшыларына ризашылығымды жеткіземін. Қуанышты күндеріміз көп болсын, — деді Алмагүл Өтепова.
Шара соңында Қызылорданың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов жиылған жұртқа батасын берді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кейінгі 3 жылда пайдалануға берілген 141 көпқабатты үйдің жаңа қаладағы үлесі — жалға берілетін 620 пәтерлі 13 көпқабатты баспана. Оған қоса, несие бағдарламасы бойынша 240 пәтері бар төрт көпқабатты үй азаматтарға тапсырылған. Жеке құрылыс компанияларының есебінен 604 пәтерлі 14 тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін 680 пәтері бар жалға берілетін 14 үйдің және несие бағдарламасы бойынша 590 пәтері бар 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жеке инвесторлардың қаражатына 86 пәтерлі екі көпқабатты үй салынып жатыр.