Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқығын қорғауға қатысты өткен онлайн брифингінде Әсет Оспанов елімізде ата-ана көбіне қандай жағдайда балаларды тәрбиелеу құқығынан айырылатынын айтты.
Көбіне балаларын өсіру құқығынан айырылатын ата-аналар алкоголь ішеді, балалардың білім алуы мен тәрбие алуына жағдай жасамайды. Өмір салты нашар болып келеді… Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде мыңға жуық ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылады, — деді ол.
Әсет Оспановтың айтуынша, бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмейтін ата-анаға әуелі денсаулықты жақсартуға, маскүнемдіктен емделуге, жұмысқа тұруға жағдай жасалады. Ата-ана одан кейін де оңалмаса, балалар құқығын қорғау органдары сотқа жүгінеді.
Былтырғы сәуірге дейін жұмысты полиция органы атқарып келсе, енді заңға өзгеріс енгізілді. Қазір жергілікті атқару органдары оларды есепке ала отырып, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және тағы басқа органдармен бірге отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салады… Отбасы осынша көмектен кейін де дұрыс өмір сүрмей, баланың өміріне қауіп төндірсе, онда құқығынан айыру туралы өтініш сотқа кетеді, — деді Әсет Оспанов.
БҒМ Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев ата-ана құқығынан айырылғандар оны қайтарып ала алатынын айтты.
Ата-ана құқығынан айырылғандар жұмысқа тұрса, емделсе, өзінің тұратын жайын жақсартса, онда мемлекет комиссия құрып, ата-ана құқығын қайтаруды қарастырады, — деді Дулат Жекебаев.