Бұл жоба бойынша Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы өнерді қайта зерттеп, жаңа бастамаларды қолға алып жатыр. Бүгінде институт жанынан «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдық жинағының алғашқы бес томы жарық көрді.
Жинақтың I және II томы «Батырлар жыры» деп аталды. Онда көне эпос пен батырлар жырының қысқаша анықтамасы және ноталар мен фотосуреттер берілген. Сонымен қатар томға «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» сияқты көне эпостардың үздік нұсқалары іріктелген. Жинақты әзірлеу барысында фольклортанушы және мұратанушы мамандар жыр нұсқаларына зерттеру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар II томға «Қырымның қырық батыры» атты жырлар топтамасы енгізілген. Маңғыстау елінен тараған жырдың негізі Мұрын жыраудың айтуымен ел арасына танымал болған.
«Дала фольклорының антологиясы» жинағының «Тарихи жырлар» атты III томына «Абылай хан», «Хан Кене», «Ер Жәнібек», «Райымбек батыр», «Барақ батыр», «Ағыбай батыр» сияқты тарихи эпостың таңдаулы үлгілері жинақталған. IV томы «Ғашықтық жырлар» деген атпен жарық көрді. Бұл томда елімізге белгілі махаббат пен сүйіспеншілікке толы ғашықтық жырлары топтастырылған. Жинаққа көпшілікке танымал «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Бозжігіт», «Бозаман» сияқты махаббат жырлары енген. Ел арасында танылған жырларды ең алғаш қағаз бетіне түсіріп, оларды жинағақтаған Ш.Уәлиханов, И.Н. Березин, М.Ж. Көпеев, В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, М.Әуезов, Ә. Қоңыратбаев сияқты танымал тұлғалардың еңбектері қаралды. Ал жинақтың V томы «Дастандар» деп аталды. Томға XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап хатқа түскен, ел арасында ауызша және жазбаша түрде тараған жыр дастандары енген. Мәселен, «Наурызбай-Қаншайым», «Сыршы молда», «Құлқаныс-Зеберше», «Дариға қыз», «Киік», «Миғраж» сияқты дастандар топтастырылды. Қазіргі уақытта бұл басылым 10 000 данамен жарыққа шықты. Жинақты аймақтағы барлық кітапхана мен мектеп кітапханасына дейін жеткізу көзделген.
Жоба аясында «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығы мен «Ежелгi дәуір әдебиетінің» бестомдығының алғашқы томдары жарық көрді. «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының біріншi томынa қазақтың музыкалық фольклоры – ескі наным-сенім, балалар фольклоры, дәстүрлi ән өнері — халық әндерi және кәсіби әншілер мен композиторлардың туындылары енгізілді. Соның ішінде «Дәстүрлі ән өнерi» бөліміне халық әндері мен кәсіби әнші-композиторлардың туындылары — Арқа, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірі және Батыс Қазақстан аймақтық жүйе бойынша топтастырылды.
Томдарды құрастыру кезінде ескі қолжазабалар мен бұрын жарияланған жинақтар және алыс-жақын шетелдердегі қазақ диаспораларының материалдары қолданылды. Бұл жырлар текстологиялық тұрғыда қайта сарапталып, мазмұны бай және тілі көркем, жырлауға лайық сарындармен толықты. Әрбір томның ерекшелігі бар. Сонымен қатар батырлар жырындағы қаһармандардың бейнесін еліміздегі танымал суретшілер салды, — дейді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
Кенжехан Матыжанов институттa қазіргі уақытта 5 мыңнан астам папкадa сақталған қолжазба деректері бар екенін айтады. Сонымен қатар әртүрлi кезеңді қамтыған деректердің ішінде араб, латын және кириллица қаріптерінде жазылған қолжазбарлар бар. Бұл томға «Қобыланды» жырының 20-дан астам үлгісінің ішінен ең таңдаулылары іріктелінген. Оған қоса, қолжазба қорындағы 700 мың метр фонотекадағы әндер іріктелген. Олар мақамдарына қарай қалыпына келтіріліп, цифрлық форматқа көшірілген.
Цифрландырудағы қадам
Ғалымдар сирек қорлардағы қолжазбa мұраларын сараптай келіп, халық әдебиетінің жанрлық түрлері бойыншa ең таңдаулы үлгілерін жүйелеп, бүгінгi аудиторияға қолжетімді етіп ұсынып отыр. Цифрландырудың арқасында жоғарыда аталған барлық томның электрон нұсқалары мен аудионұсқалары әзірленген. Мәселен, «Ұлы даланың көне сарындары» атты антологияның бір томы кітап өнімі ретінде, QR-кодпен цифрлық форматта, СD-таспасымен жарыққа шыққан. Әзірленген audiobook пен ebook арнайы жасақталған онлайн платформаға жүктелген. Оларды кітаптың мұқабасындағы QR-код арқылы жүктеп, оқуға, тыңдауға болады.
Жоба бойынша жинақтардың кітап, электрон және аудионұсқаларын қатар дайындау үшін 20 ғылыми қызметкерді қоса есептегенде 70-тен астам маман жұмыс атқарған. Сонымен қатар жобаны орындау кезінде Қазақстанның көптеген аумақтық университетінің оқытушыларымен, студенттерімен шығармашылық байланыс орнатылған. Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда облыстарының аумақтық университеттерінде «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдығының алғашқы 5 томының тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар университеттерің фольклортанушы ғалымдарымен қарым-қатынастар орнатылып, 5 жетекші ғалым жинаққа ғылыми сарапшы болды. Жобаны орындау барысында алыс-жақын шетелдердің ғалымдарымен шығармашылық байланыс орнатылып Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан елдерінің белгілі ғалымдары жинаққа ғылыми сарапшы ретінде қатысқан.
Шынын айтқанда, дәл осындай – заманға лайық форматта (электрон кітап, аудионұсқалар) фольклор туындылардан 10 том жинақ, оның өзге тілдердегі аудармасын жасаған елдер әлемде кем де кем. Сондықтан бұл басылымдарға Ресей, Орта Азия елдерінің ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Жоба толық орындалғаннан соң «Антологияға» байланысты шетелдерде насихат жұмысын жүргізу мақсатымызда бар, — дейді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі, «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдығының жауапты редакторы Тоқтар Әлібеков.
2020 жылы «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдығының қалған 5 томы жарық көрмек. Олардың 6-том – «Ғұрыптық фольклор», 7-том – «Прозалық фольклор. Ертегілер», 8-том – «Прозалық фольклор. Аңыздар», 9-том – «Халық өлеңдері», 10-том – «Ғибраттық фольклор» деген атаумен басылып шығады. Сонымен қатар қазақ фольклорының озық үлгілерін әлем жұртшылығына таныту мақсатында жобада таңдаулы халық туындыларын аударып, 2021 жылы орыс тілінде 3 том, ағылшын тілінде 3 том (барлығы – 6 том) жинақты баспадан шығару жоспары көзделген.
Дәл мұндай басылымдар әлем фольклорында жарыққа шықпаған. Мәселен, бір кітап, екі кітап жарық көруі мүмкін. Бірақ біз секілді кешенді басылым шығарған елді көрген жоқпыз. Сондықтан бұл жобаның әлемдік маңызы бар. Әлем елдерінің басым бөлігінде фольклорлық жинақтар жоқ деп айтуға болады. Ағылшындар мен француздар жазба әдебиетіне мықты келеді. Бірақ ауыз әдебиетіне келгенде жұтаң. Сондықтан біздің атқарып жатқан жобаның әлемдік маңызы бар, — дейді Тоқтар Әлібеков.
Қазіргі таңда еліміздің қолжазба қорларында халық әдебиетінің миллионнан астам түрлі үлгісі сақталған. Оларды толық танып-біліп, ғылыми тұрғыда игеру үшін көп жыл қажет болады. Сондықтан олардың таңдаулыларын топтастырып, заман талабына лайықтап, жариялауға Елбасы Нұрсаұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық еңбегі арқау болды. «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдығы жобасы толық аяқталған жағдайда, қарапайым оқырмандарға, оқушылар мен студенттерге қолжетімді, әлемдік форматтағы бұл басылымдар еліміздің руханиятын жаңғыртып, жас ұрпақтың ұлттық тілін, ділін, салт-дәстүрін ұмытпауына зор ықпал ететін болады.