– Еркебұлан мырза, сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 3 жыл көлемінде қандай айшықты жобалар атқарылды?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін ҚР Президентінің жанынан Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы Ұлттық комиссияның шешімімен мақалада айтылған тапсырмаларды жобалық тәсілмен орындау мақұлданды. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Елбасының мақалаларында аты аталған 13 арнайы жоба шеңберінде жүргізіліп жатыр. Өткен жылдар ішінде осы арнайы жобалар шеңберінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенімізді айтып өткім келеді.
Қазақ тіліндегі терминология мен ғылыми сөздік орамның дамуына, аударма ісінің жетілуіне «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы сүбелі үлес қосты. Оның аясында 77 оқулық аударылып, оның 47-сі бастырылып, еліміздің оқу орындарына жеткізілді. Аударылған оқулықтар негізінде қазақ және орыс тілдеріндегі видеодәрістер әзірленіп, олар OpenU.kz порталына орналастырылды. Видеодәрістер 25 минуттан 40 минутқа дейін созылатын 25 бөлімнен тұрады.
«Туған жер» арнайы жобасы азаматтардың кіндік қаны тамған жерлеріне қолұшын беру дәстүрін жандандырды. Кәсіпкерлердің, жалпы азаматтардың туған жерін дамытуға қосып жатқан үлесі қомақты екенін ерекше айтып өткен жөн. Осы жылдары демеушілер өлкесін дамытуға 270 миллиард теңгеге жуық қаражат аударған. Бұл қаражатқа 2 621 нысан бой көтеріп, 2 142 объект реконструкцияланды. Сонымен қатар туған өлкенің тарихын, табиғатын, мәдениетін насихаттау үшін 5-7-сыныптарға арналған «Өлкетану» курсы енгізілді. «Өлкетану» жалпы хрестоматиясын әзірледі. Бұл пән сынып сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар, музейлер мен тарихи объектілер базасында өткізіліп жатыр
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстар мен оларды насихаттауға жаңа серпін бергенін атап өту керек. Қазіргі таңда жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандардың тізіміне 256 нысан, жергілікті маңызы бар киелі нысандар тізіміне 575 нысан енгізілді. Киелі объектілердің 3D-турлары бар виртуал, интерактив карталары жасалды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы еліміздің мәдени құндылықтарын экспорттаудың алғышарттарын жасады. Бұл бағыт бойынша «Алтын адам» әлемнің 26 еліндегі музейлердің көрмесіне қойылды, 28 елде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Отандық ақын-жазушылардың үздік деп іріктеліп алынған әдеби шығармалары БҰҰ-да ресми қолданылатын алты тілге аударылды. Бұл жаһан жұртшылығының еліміздің әдебиетімен кеңірек танысуына жол ашты. Театрлар мен өнер ұжымдардың шетелдік гастрольдері барған елдерінде зал толы көрермен жинай алды.
Архив құжаттарын толығымен цифрлық форматқа көшіру және оған кез келген азаматтық қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі шешіліп келеді. Отандық архив қорын шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалар мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихына қатысты жаңа дереккөздерімен толықтыру, оларды ғылыми айналымға енгізу, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту де маңызды. Архив саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, кең форматты сканерлер, архив құжаттарды реставрациялау мен микрофильмдеуге арналған заманауи зертханалар ашу мәселесі өзекті. Осының барлығы «Архив-2025» жобасы аясында шешімін тауып отыр.
«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклоры антологиясының» 1-5 томдарын мультимедиялық қосымшаларымен бірге кітап етіп шығарды. Оған қоса, «Ежелгі және орта ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштерді зерттеу және ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясын дайындау» жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Егер қысқа қайырсақ, «Рухани жаңғыру» идеясы мәдени қазынамызды түгендеп, тарих қойнауында бүркеулі жатқан жауһарларымызды, жәдігерлерімізді жарыққа шығарып, құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа сіңіру, әлем жұртшылығына жеткізу жұмыстарын бір жүйеге келтірді.
– Бұл бағдарламаның жастарға білім мен тәрбие берудегі ролі қандай деп ойлайсыз?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең басты объектісі — жастар. Еліміздің және адамзатқа ортақ құндылық жүйелерін өскелең ұрпаққа жеткізудің өзектілігі артып отыр. Сарапшылар төртінші индустриялық төңкеріс жағдайында адам ресурсының ролі артатынын болжап отыр. Адам капиталын дамыту экономиканы ілгерілетудің бірден бір жолы. Зерттеушілер ЖІӨ-нің арту қарқыны мен адам капиталының өсу темпі арасында корреляция барлығын айтады. Эндогенді өсу теориясын ұстанушылар да адам капиталына салынған инвестиция экономикалық дамудың негізі деген пікірдің дұрыс екенін жақтайды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының концептері арқылы мемлекет адам капиталын дамытудың идеологиялық тұғырнамасын жасады. Осы идеологиялық құжатта көрсетілген бағыттар арқылы азаматтарды заман талабына сай қабілеттерді иелену үшін сананы жаңғыртуға шақырып отыр. Осы контексте, мақалада айтылған бағыттар, идеялар елдегі әрбір азамат, әсіресе жастар үшін өзін бағыт-бағдар беретін карта деуге болады. Өзінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, ақыл-ойын осы бағыттарға сай түзеген тұлғаның заманның кез келген сын-қатерінен сүрінбей өтетін икемді сана мен қабілетке ие болатыны анық.
– Осы бағдарламада аталған алты бағыттың қайсысы еліміз үшін маңызы жоғары деп санайсыз?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық еңбегінде айтылған алты қағиданың барлығы бір-бірін толықтырып отыр. Білім салтанат құрған қоғамда ғана санасы ашық, өмірін прагматикалық тұрғыдан жоспарлай алатын индивид саны көбейеді. Мұндай қабілетке ие тұлғалардың бәсеке қабілеті жоғары болатыны, заманның талаптарына бейімделе алатын икемді ментал ойлау жүйесі қалыптасатыны сөзсіз. Осы қасиеттерді бойына жинаған тұлғалардың күш-жігерін отанның, қоғамның дамуына жұмсау үшін олардың тарихи санасын, яғни жергілікті құндылықтарға негізделген ұлттық кодты сақтауы маңызды. Ал ұлт атомдық деңгейде индивидтерден құралатындықтан оның әрбір мүшесінің кемелдігі — мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі және катализаторы. Сол себепті, менің ойымша, мақалада айтылған принциптердің жиынтығы — заманауи кемел адамның, эволюциялық жолмен дамитын қоғамның кескінін құрайтын құндылықтар.
Әлемді жайлаған індет көп істердің тұралап қалуына себеп болып отыр. Осы орайда індеттің таралуын болдырмау мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланды. Карантин кезеңі бағдарламаның іске асуына кері әсерін тигізді ме? Сіздер қалай жұмыс атқардыңыздар?
Әлбетте COVID-19 барлық адамның да, ұйымның да жасаған жоспарларына түзету енгізді. Біз де жыл басында жасаған жобаларымызды қайта қарауға мәжбүр болдық. Ойлаған кейбір іс-шараларымыздың бірқатары өтпей қалды, кейбірі кейінге қалдырылды. Дегенмен біз уақыт талабына орай кестемізді жаңартып, жұмысымызды жаңа форматқа бейімдедік. Іс-шараларымызды онлайн жүйеге көшіріп, жобаларды осы тәсілмен іске асырып отырдық. Бұл жерде, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жаңа форматқа көшірудің қиын болмағанын, қайта қамту аудиториясының артқанын айтып өткен жөн. Кездесу, дискуссия бойынша жұмыстарды да ыңғайлы бейімдей алдық. Мысалы, бағдарламаға қатысты өзекті мәселелерді сарапшылардың қатысуымен талқылауға арналған «Азаматтық алаң» дискуссия клубының отырысы онлайн өтіп отырды. Қатысушылармен әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шығып, олардың пікірлерін онлайн талқылау жолға қойылды.
Жоғарыда аталған 13 арнайы жобаның қашықтан, компьютер мен жаңа технологиялардың көмегімен іске асырылып жатқандары кедергісіз жүргізіліп отырды.
Екінші жақтан, планетар ауқымда тараған эпидемия адамзаттың даму жолында күтпеген оқиғалардың әрдайым болып отыратынын тағы бір рет көрсетті. Тарихтың тағылымы, эволюциялық теорияның жаңалықтары айналасындағы жағдайды тез бағамдап, тез адаптацияланатын, өзгерістерге ашық сананың қысылтаяң сәттерден күшейіп шығатынын айғақтайды. Осы сәтте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптері мен мәнін халыққа дұрыс түсіндіру, сапалы идеологиялық жұмыстар жүргізу мәселесі өзекті.