– Алуа Серікқызы, биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның жариялағанына да 3 жыл толды. Сіздің ойыңызша, осы уақыт аралығында елімізде қандай өзгерістер болды?
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұзақмерзімді стратегиялық құжаттардың қатарына жатады. Бұл тез арада жоғары нәтиже бермейді. Әрине, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іс-шараларды қамтитын және ұзақмерзімді бағдарламалар бар. Ең алдымен, бес бағыт бойынша тоқталатын болсақ, «100 жаңа есім» және «100 жаңа оқулық» жобалары өте белсенді түрде жүзеге асып жатыр. «100 жаңа есім» жобасының екі кезеңі өтті. «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша көптеген жаңа оқулықың қатары артты. Бұл құжаттың жұмыс істеу мерзімін әлі де 15-20 жылға дейін созуға болады. Соның ішінде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларының маңызы жоғары деп айтуға болады. Бұл жобаның стратегиялық мақсаты — өсіп келе жатқан ұрпаққа және одан кейінгі ұрпаққа да қызмет ету. Осы орайда өзім «100 жаңа оқулық» жобасына қатыстым. Жобаның шын мәнінде құндылығы өте жоғары. Себебі ғылымда кем дегенде бес рет, 20 рет басылып шыққан танымал кітаптардың қазақ тілінде басып шығару — үлкен жетістік. Қазіргі таңда аталмыш кітаптар ақысыз түрде барлық кітапханаға жеткізіліп жатыр. Оқыған кітаптарымды айтар болсам, сапасы өте жақсы, түсінуге жеңіл. Таңдап аударылған кітаптардың барлығы да — саласында жетекші ғылыми еңбектердің бірі. Қазіргі таңда 100 кітаптың барлығы түгелдей аударылып болмады. Бірақ 100 оқуылыққа қатысты аударма кітаптардың өзі жоғары нәтиже береді. Бұл кітаптар, аударылып қайта басылып шыққаннан кейін бірнеше ұрпаққа қызмет етеді. Баршаға аудармаларды жасаудағы мақсатымыз түсінікті деп ойлаймын. Себебі әлемдегі ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттерде инновацияның 85%-і, ал бүгінде ғылымда пайда болатын жаңалықтар 90%-і осы ағылшын тілді елдерде пайда болады. Сондықтан ағылшын тілінен аударылған кітаптардың құндылығы өте жоғары. Білім сапасына, әсіресе, ЖОО-да білім алатын жастар үшін маңызды деп санаймын. Менің ойымша, бұл бастаманы 100 кітаппен ғана шектеп қалмау қажет. Жалғасын тауып, үзіліссіз ұзақмерзімді жобалардың біріне айналуы қажет деп санаймын.
– Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отбасы құндылығын насихаттауға және тұлғаның дамуына ерекше көңіл бөлу жоспарланып отыр. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
Бүгінде елімізде әрбір төртінші отбасы ажырасып жатыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мұның барлығы қоғамға кері әсерін тигізеді. Отбасы — шағын мемлекет. Кез келген отбасының әлеуметтік, экономикалық, мәдени және психологиялық ахуалы мемлекеттің дамуына әсерін тигізеді. Әрбір отбасының дұрыс қалыптасуы — мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан да қазірден бастап отбасы құндылығына жоғары дәрежеде мән беру керек. Менің ойымша, әрбір адам отбасын құруға, бірлесіп өмір сүруге дайын болуы қажет. Қазіргі жастарды отбасы өміріне дайындау керек. Ол үшін арнайы курстар немесе арнайы орталықтар ашу қажет деп санаймын. Мұндай тәжірибе көптеген мемлекетте бар. Мысалы, Жапония — тұрмыс құрмаған, бойдақтардың саны бойынша әлемдегі жетекші елдің бірі. Ол жақта отбасын құру көрсеткіші төмен. Сол себепті қазіргі уақытта Жапонияда отбасын құруды ресми мемлекеттік мәселеге айналдырған. Нацуко Ока есімді жапон ғалымының кітабын оқысаңыз, Жапонияда біздің елдегідей ХҚКО-ғы сияқты үлкен орталық бар екенін айтады. Ол орталыққа әрбір азамат өз талаптарына сай адамды іздеуге өтініш толтырады. Содан кейін, барлық талабы бір-біріне сәйкес келетін азаматтардың танысуына мүмкіндік жасайды. Бұл орталықтың бір ерекшелігі — адамдардың көзқарасын, білім деңгейін, қаржылық, экономикалық және психологиялық жағынан ескереді. Бұл мәселе — біздің елімізде күн тәртібінде тұрған дүниелердің бірі. Сондықтан елімізге бір отбасы институты қажет деп ойлаймын. Жастарды отбасылық өмірге дайындап, отбасында туындаған проблемаларды бірлесіп шешуге үйрету керек. Сонымен қатар тұлғаның дамуына да өте үлкен мән беру қажет. Бүгінде ЖОО-да 4 жыл білім алып қана қоймау керек, ол азық болмайды. Жастардың бойында икемділікті дамыту керек. Әртүрлі дағдыны игеруге деген қабілетін шыңдау қажет деп санаймын.
– «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала жарыққа шықты. Осы мақала аясында сіздің пікіріңіз қандай?
Бұл жобаны еліміздегі тарихты дәріптеудің ерекше түрі деп қарастыруға болады. Бұл жоба да үлкен жетістіктер алып келетін, ұрпаққа мол мұра қалдыратын бастама болып отыр. Жоғары да айтып өткенімдей, бұл да — стратегиялық жобалардың бірі. Қазақ еліне ұзақ жыл қызмет ететін бағдарлама. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының ауқымы кең. Ол архивті, музыканы, кино әлемін де қамтиды. Алдағы уақытта бұл жобаның да жақсы жетістіктеріне куә боламыз ойдамын.
– Осы жобаның бір тармағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталады. Ұлы есімдерімізді ардақтауға, олар туралы жасалған зерттеу жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Қазақ жері ұлы тұлғаларға бай. Мысалы, Алаш қозғалысына қатысқан ұлы тұлғалардың есімдерін жақсы білеміз. Бірақ қозғалысқа қатысқан азаматтардың саны көп, оларды бірі білсе, бір білмес. Осы тұрғыда бұл жобаның берері мол. Бұл жерде мен бір тәжірибені бөліссем. Венгрия еліне іссапармен барған кезде бір қызық дүниені байқадым. Оларда адамдар демалатын үлкен саябақтарда фонтан орналасқан. Фонтан іске қосылғаннан кейін кешкі уақытта бір сағат көлемінде судың бетіне Венгрия тарихына еңбегі сіңген, елдің қалыптасуына ат салысқан атақты тұлғаларының бейнесі шығады. Ол — бір жағынан инсталляция және әдемі көрініс. Сонымен қатар адамның назарын өзіне аударады. Көзге түсетін ерекше, әсерлі дүние. Осындай ерекше дүниені еліміздегі әрбір өңір өз жерінде жүзеге асырса, өз жерінен шыққан атақты тұлғаларды халық танып-білетін болады.
– Бұл бағдарламалардың тиімділігі жөнінде сарапшылардың көзқарасы әртүрлі. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл — тарихи, мәдени, өркениеттік жоба, яғни нәтижесі бірден көзге көріне бермейтін кешенді жобалардың бірі. Жалпы айтқанда, саннан сапаға қарай өсетін жоба. Сондықтан мұнда экономикадағыдай жалпы ішкі көрсеткіш, инфляция сияқты көрсеткіштері болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, 100 оқулықты шығарсақ, осымен бағдарлама бітпейді. Одан кейін де бағдарлама аясында шығарылатын басылымдардың саны 200-300 оқулыққа дейін көтерілуі мүмкін. Сондықтан да бұл — біздегі көзқарасты, дүниетанымды, құндылықтарымызды арттыруға септігін тигізетін жоба. Құндылық пен адамның көзқарасы бір күнде өзгермейтіні сияқты, бағдарламаның да ұзақ жылдар бойы іске асуының мәні осында. Бізде қазақ өнеріне, киносына, тарихына қызығушылық бар. Сол сұраныстың қажеттілігін ескер отырып, жарнамалай білуіміз де керек.