Жаздың алғашқы күні ауа райы қандай болады?

Мамандардың мәліметінше, жаз шығысымен күн ысиды.

Скандинавия түбегі аудандарынан келген антициклон Қазақстан аумағында температураның аздап төмендеуіне себеп болды, бірақ күнтізбедегі жаз басталысымен температура жоғарылайды. Тек солтүстіктің кей жерінде атмосфераның фронтал бөліктерінің өтуіне байланысты күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.

Оңтүстікке Иран өңірлерінен жылы ауа массасы келіп, күн ыстық әрі құрғақ болады. Бұл күндері елімізде жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады.