Белсенді Дулат Ағаділдің өліміне не себеп болғаны анықталды

Прокуратураның мәліметінше, Дулат Ағаділ күдікті ретінде ешқайда кетпеу туралы қолхат алғанына қарамастан тергеу органдарынан жасырынып жүрген, оған іздеу жарияланған. Сол себепті сот оған қатысты бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерткен.

Ағаділді полиция қызметкерлері сот шешімінің міндетті орындалуы туралы заңнама шеңберінде ұстап, қамауға алды, — деп хабарлады Нұр-Сұлтан прокуратурасы.

Прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу оның өліміне себеп болған оқиғаның хронологиясын қалпына келтірді.

Ағаділ өлімінің себебі мен мән-жайын тәжірибелі сот-медицина сарапшылары комиссиясы мен жоғары санатты кардиолог мұқият зерттеді. Олардың арасында Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша жұмылдырылған сарапшылар да болды. Олар Ағаділдің өліміне миокард инфаркті себеп болғанын анықтады, инфаркт жүрекке қан апаратын тамыр мен артериоланың қатты құрысуынан болды, ол қан ұюының бұзылуына және жүректің сол жақ қарыншасындағы қан тапшылығына ықпал еткен, — деп хабарлады құқық қадағалау органының баспасөз қызметі.

Сарапшылар белсендінің денесіне зақым келмегенін анықтады.

Соған байланысты 25 мамырда Ағаділдің өліміне қатысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзу белгісі болмағандықтан тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, белсенді Дулат Ағаділдің тергеу изоляторындағы өлімі қоғамда резонанс туғызған еді. Ол 24 ақпанда қамауға алынып, келесі күні қайтыс болды. Белсендіге «сот қызметкері мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізді» деген айып тағылған.