Басты бетБілімҚызылорда облысында...

Қызылорда облысында 6060 оқушы мектеп бітірді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды жергілікті телеарна арқылы құттықтап, сәттілік тіледі.

Өңір басшысы білім саласына бағытталған қолдаулардың жоғары екенін, Қызылорда облысындағы оқу озаттарының халықаралық, республикалық додаларда топ жарғанын атап өтті. Сонымен бірге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге сәттілік тіледі.

25 мамыр күні 1-10-сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау салтанаты онлайн сынып сағаттары негізінде аталып өтті. Оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты.

11-сыныпқа арналған соңғы қоңырау салтанаты аттестат алу рәсімімен біріктіріліп, 3-4 маусым күні өтеді. Шара санитарлық талаптарды сақтап отырып, мектеп ауласында, мектеп формасымен қарапайым тұрғыда өткізіледі.

Оқушылардың жиын ұйымдастырып, кортежге шығуына, қаржы жинауына тыйым салынған.

Биыл облыста 6060 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Оның 5171-і ұлттық тестілеуге қатысуға өтінім қалдырған.