Басты бетҚоғамҚызылорда зияткері...

Қызылорда зияткері халықаралық білім сайысының жеңімпазы атанды

Білім сайысында Томирис «Табиғаттағы және қоғамдағы нақты процестердің математикалық модельдері» секциясына қатысып, оған өзінің «Күрделі эпициклоидтардың, гипоциклоидтардың және трактрисалардың математикалық моделін әзірлеу» жобасын ұсынды.

Егер біздің айналамыздағы заттарға мұқият қарайтын болсақ, олардың барлығын түзу сызықтар арқылы бейнелеуге мүмкін емесін байқауға болады. Көптеген зат қисық сызықтардың күрделі элементтері бар кескіндерден құралған. Күрделі эпициклоидтарды, гипоциклоидтарды және трактрисаларды зерттеу арқылы біз Geogebra математикалық бағдарламасында қисықтардың анимациялары мен олардың теңдеулерін шығардық, – дейді оқушы.

Құрылған математикалық модельдерді зымыран құрастыру, роботототехника, сәулет-құрылыс, оптика және тағы басқа салалардағы өнімдердің күрделі пішіндерін жасау үшін қолдануға болады.

Томиристің бұл жұмысы халықаралық байқауда қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, І орынмен марапатталды. Жалпы еліміз бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері командасының жеңіс қоржыны төрт алтын, үш күміс және сегіз қола медальдарымен толықты.

XIV Халықаралық «Математика және жобалау» байқауының қорытындысы бойынша Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Жұмағалиева І орынды иеленді.

Математика және информатика пәндері бойынша халықаралық білім сайысы жыл сайын дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер қауымдастығының бастамасымен Мәскеуде өтеді. Биылғы байқау ұйымдастырушылардың шешімімен онлайн форматта жүргізілді.