Алматы облысында «5-10-20» пилот жобасын түсіндіру жұмысы басталды

Баспанаға мұқтаж, мемлекеттік үйдің кезегінде тұрғандар үшін оңтайлы бағдарлама болғаны сөзсіз. Мемлекет тарапынан ұсынылған арнайы жобаға пәтері бар тұрғындар қатыса алмайды.

«5-10-20» пилот жобасы арқылы үй иесі атану үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозиті, сәйкесінше пәтер құнының 10% көлемінде жинағы болуы міндетті. Несие мерзімі — 20 жыл. Жылдық мөлшерлемесі — 5%,- дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев.

Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Қазір жобаның шарттары талқыланып жатыр және келесі параметрлер ұсынылып жатыр:

Ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша Қазақстанның әр аймағына байланысты:

— Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 миллион теңгеден аспайды;

— Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сонымен қатар Шымкент үшін 15 миллион теңгеден аспайды;

— басқа аймақтар үшін 12 миллион теңгеден аспайды.

Әкімдіктер салған несие тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бойынша келесі баға параметрлері белгіленген:

  • 240 мың теңгеге дейін – Алматыда;
  • 220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта;
  • 200 мың теңгеге дейін – Шымкентте және Алматы маңындағы аймақта;
  • 180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында;
  • 160 мың теңгеге дейін – басқа аймақтарда.

Алматы облысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 10 кеңес беру орталығы бар. Оның үшеуі облыс орталығында, қалғаны аудандарда. 90-нан аса кеңесші әр тұрғынның сауалына толыққанды жауап береді. Тіпті қазір бұл мекемеде 20 сәуірден бері видео-банкинг қызметі де бар. Тұрғындар кеңсеге бармай-ақ, үйде отырып онлайн депозит аша алады.