Басты бетҚоғамТалдықорғанда ірі...

Талдықорғанда ірі өнеркәсіп іске қосылды

Жетісу өңірінің экономикалық әл-ауқатының артуына үлес қосатын бұл кәсіпорын майлы дақылдар соя, жүгері, күнбағыс өңдеп, өсімдік майын шығарады.

Аймақтағы ірі кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келді. Ол барша тұрғынды 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, ауқымды жобаны қолға алған азаматтарға алғысын білдірді.

Жетісу Мажико
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінгі мерекемен қатар ірі зауыттың ашылғанына қуаныштымын. Бұл жетістіктерге достық, бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністіктің арқасында қол жеткіздік. Бұл біздің аграрлық облысымыз үшін өте маңызды кәсіпорын. Инвесторларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 950 миллиард теңге болды. Биыл 1 триллион теңгеден астам болады деп жоспарланып отыр. Жыл сайын дақылдардың көлемін ұлғайтуға басымдық береміз. Бүгінгі ашылып отырған жаңа май өңдеу зауыты да осы бағытта үлесін қосады. Осылайша, біз Елбасы қолдаған басты тапсырмалармен бірге жұмыс істейміз, — деді ол.

Жаңа жоба Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылғанын атап өткен жөн. Компанияның бой көтеруі үшін мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілген. Атап айтсақ, Талдықорған қаласы аумағынан 2033 жылдың аяғына дейін жалға алу құқығымен 18,85 гектар жер бөлінген. Бұл жобаны іске асыру үшін 5,8 миллиард теңге қаржы игерілген. Әзірге 50 жұмыс орны ашылып отыр, уақыт өте келе жұмыс орнының санын 350-ге жеткізу жоспарланған. Зауытта жұмыс істейтіндердің орташа жалақысы — 100 мың теңге.

Кәсіпорын алынған өнімнің сапасын жақсарту мақсатында, тұқымды өңдеудің экструзиялық технологиясы қолданылатын Греманияда құрастырылған соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен жасақталған.

Тәулігіне 400 тонна майлы дақылдар өңделеді деп күтілуде. Алдағы уақытта жаңа ашылған өндіріс орны өңірдің агроөнеркәсіптік секторының дамуына ықпал етпек. Осы арқылы жергілікті халық жұмысқа орналасып, бюджетке де салық түсімдері ұлғаяды.

Компанияның бас директоры — Сергей Симонов. Ал жаңа өндіріс орнының бас құрылтайшысы — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш премьер-министр, Сергей Терещенко. Ол зауыттың пайдасы туралы айтып, қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Қазіргі қиын уақытта біз облыс әкімінің қолдауымен достарымызбен осы кәсіпорынды ашуды шештік. Оның құрылысына шамамен 7 жыл уақыт кетті. Жергілікті билік инфрақұрылым жүргізуге көмектесіп, тіпті теміржол жолдарын салды. Өндірілетін өнімді біз таяу елдерге экспорттайтын боламыз, — деді ол.

Өнідіріске керек өнім көлемін толтыру үшін ендігіде жергілікті дақылдарды қолданбақ ниетте. Сол үшін Алматы облысында 200 га жерге күнбағыс пен мақсары өсірілу керек екен. Осы мақсатта аймақ басшылығымен келісім шарт жүргізілген.

«Жетісу Мажико» ЖШС-гі әзірге шикізатты Шығыс Қазақстаннан алып отыр. Ал пістелерді көршілес Ресей елінен алдыртады. Жаңа зауытқа жылына шамамен 100 мыңнан астам шикі зат қажет,- дейді бас директор Сергей Симонов.

Жергілікті билік тарапынан бар жағдай жасалған. Индустриалды аймаққа жол салынып, көгілдір отын жеткізілген. Инженерлік желі де тартылған.

Жұмысын енді бастаған зауыт өніміне сұраныста жоқ емес. Осы күні көршілес Қытай елінен 2 тонна майға тапсырыста келіп түскен. Мұнысы зауыттың нарықта ойып тұрып орын алатынына дәлел.