Комиссия отырысында 2020 жылы Алматы облысы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге және басқа аса қауіпті зиянды организмдер мен карантинді нысандарға қарсы күресті ұйымдастыру жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Атап өтер болсақ, биыл республикалық бюджет есебінен барлығы 126 975 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Оның 61 540 гектары азиялық шегіртке, 65 435 гектары итальяндық прус шегірткесіне қарсы.
Сонғы жылдары жүйелі түрде жүргізілген химиялық өңдеу жұмыстарының нәтижесінде облыс көлемінде шегіртке тектес зиянкестердің таралу ареалы төмендеуде. Атап айтқанда 2019 жылмен салыстырғанда биылғы жылы өңдеу көлемдері 30 % төмендегені байқалады.
Жалпы үйірлі шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары авиациялық тәсілмен 99 621 гектарға, жер үсті тәсілімен 27 354 гектар жерде жоспарланған.
Қазіргі таңда жерүсті техникаларымен өңдеу жұмыстарын «Өсімдік қорғау — МКОК» ЖШС-гі атқаратыны анықталды. Ал авиациялық өңдеу тәсілімен жоспарланған 99 621 гектардың, бүгінгі күнге 75 381 гектар жеріне қызмет көрсетушісі болып AVIASILA ЖШС-гі анықталды. Қалған 24 240 гектар жерге қызмет көрсетушімен келісімшарттар қарастырылып, атқарушы мекеме анықталып жатыр.
Көп жылдық анықтау жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып, биылғы үйірлі шегірткелерге қарсы, химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының үшінші 10 күндігі немесе маусым айының бірінші онкүндігінде басталады деп болжам жасалып отыр.