Статистика комитеті ресми сайтында 2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 18 690 195 адам деп көрсеткен.
Жалған ақпаратпен күресетін редакция комитетке хабарласып, 1 мамырдағы деректі сұраған. Алайда мемлекеттік орган бұл дерек маусымның алғашқы күндері жарияланатынын айтқан.
Factcheck.kz порталының хабарлауынша, «Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті» деп жаңалық таратқан медиаресурстар ақпаратты Countrymeters.info-дан алған.
Расында сайттан еліміздегі халық саны 19 миллионнан асқанын көруге болады. Сайт дереккөз ретінде БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің халық қоныстануы бөлімін көрсеткен.
Бұл бөлім 1951 жылдан бері әлемнің 235 мемлекетінің халық санына болжам жасайды және бағалап отырады. Халық санын бағалау жыл сайынғы туу және өлім-жітім көрсеткішіне сәйкес жүргізіледі. Сол себепті бұл статистика — тек болжам.
Қазақстандағы халық санының өсуіне қарап, биыл шынымен де 19 миллионға жетуіміз мүмкін. Алайда қуануға әлі ерте, — деп хабарлады Factcheck.kz.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Studio Ochi)