Елімізде ситиферма қалай пайда болды және ол не үшін керек?

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәліметінше, бүгінде Жердегі барлық топырақтың 33%-і ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылған. Біз жыл сайын 8 миллион гектар құнарлы жерден біржола айырыламыз. Бұл — Австрия немесе БАӘ аумағына тең жер.

Қандай да бір шара қабылдап үлгеруімізге 100 жыл уақыт қалғанын ескеруіміз керек. Біздің ең маңызды ресурсымыз — жер шектеулі және осыны қаперімізге алып, «көпшілігі қалада тұратын 10 миллиард тұрғынды азық-түлікпен қалай қамтамасыз етеміз?» деген сауалды ойлануымыз керек. Оның шешімі де бар. Ол — қаладағы «ауыл шаруашылығы», — дейді Ирина Проференко.

Дамуы озық елдерде осындай мақсатты көздейтін қаладағы фермалар әлдеқашан құрылып үлгерген. Қазақстанда ситифермерлікті алғаш болып осы «Городская ферма» компаниясы дамытпақ.

Біз Алматы, қала, ферма, бау-бақша
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«БізАлматы» жобасы 2017-2020 жылдары қаланың мәдениет, бизнес салаларын және азаматтық қоғамды белгілі бір бағытта дамытуды қолға алған. Жоба Еуропа одағының қаржылай қолдауымен биыл да грант бөліп, байқау ұйымдастырды. Бұл жолғы байқауға 131 өтініш жолданған. Соның ішінде тек 10-ы үздік деп танылып, әрқайсысы 5 000 еуро көлемінде грант ұтып алған. Олардың қатарында «Қаладағы ферма» жобасы да бар.

Facebook желісінен «БізАлматы» жобасының гранты туралы мәліметті көріп, байқауға бірден өтініш беруді ұйғардық. Біздің жобамыз назар аударуға тұрарлық болды есептейміз. Себебі оның негізгі мақсаты — мемлекетіміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қаладағы ферма — мүлдем жаңа бағыт. Қазақстанда бұрын мұндайды ешкім қолға алып көрмеген. Дегенмен қазір дүниежүзінде қаладағы аграрлық ферма ешкімге жаңалық емес. Бір орнында тұрмайтын әлемде, тұрақсыз экономика жағдайында қазіргі адамдар үшін өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету басты дағдыға айналып келеді, — жоба жетекшісі.

«БізАлматы» гранты жобаларды мына үш принцип бойынша — тұрақтылық, коллаборация және ерекше бағыт болуына қарай іріктеген. Ал грант иегерлерінің бірі — қаладағы ферма идеясы бірнеше жыл бойы пісіп-жетілген. Иринаның айтуынша, бәрі микробизнестен басталған. «БізАлматы» жобасының гранты ферманы одан әрі дамытуға мүмкіндік берген.

Ирина Проференко
Фото Instagram-дағы Urbanfarmkz парақшасынан

Байқауға қатысу үшін бұл тақырыпты әдейі таңдамаған да сияқтымыз. Қаладағы түрлі бастаманың байқауы жарияланған уақытта осы өсімдік шаруашылығымен бірнеше жыл айналысып үлгерген едік. Ол уақытта түрлі көкөністі, соның ішінде микрокөкөністі де өсірдік. Ситифермерлік туралы жоғары оқу орындарында лекция да оқыдық. Сонымен қатар менде ол кезде қалада өсімдіктерді гидропоника (топырақсыз) бойынша өсіру тәжірибесі де бар еді. Серіктесім Дәурен Жолдасбаев Қазақстанда «Посади дерево» жобасымен танымал. Олар осымен 8 жыл қатарынан тал егіп келе жатыр және адамдарға дұрыс техниканы үйретіп жүр. Ол қазіргі уақытта Алматы мектептерінде жиі қолданылып жүрген экотүсінік негіздерін, суды үнемдеу және қалдықтарды сұрыптауды үйрететін «ЭкоКлуб» бағдарламасын да жасап шықты. Біз онымен танысып, идеямызды тоғыстырдық. Сөйтіп азықты азаматтардың өзі өсіре алатындай қаладан арнайы орын керек деп шештік. Содан бері осы жобаны бірге жүргізіп келеміз. Байқау жарияланған уақытта сабақты ине сәтімен келгендей бола қалды. Сөйтіп біз де оған қатыстық, — дейді ол.

«БізАлматының» грантын алғаннан кейін жоба «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығымен серіктестік орнатты. Оларға жер тегін берілді.

Almaty Urban Farm Festival
Фото Instagram-дағы Urbanfarmkz парақшасынан

Бұған дейін Алматыда гидропоника жылыжайымыз болды. Ол қаладағы тұрғын үй кешенінің біріндегі жертөледе орналасқан еді. Сол тәжірибемізге сүйене отырып, қалада ауыл шаруашылығы өнімін өз қолыңмен өсіруге болатынын түсіндік. Компанияны сол себепті де «Городская ферма» деп атадық. Ақырындап онлайн ортада ситифермерлердің қоғамдастығы құрыла бастады. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда агрохабтардың дүниежүзіндегі түрлі мысалын, фотосын жариялап отырдық. Кейін Esentai Mall сауда орталығымен және Алматы әкімдігімен бірге Қазақстандағы тұңғыш қаладағы фермалар фестивалі — Almaty Urban Farm Fest шарасын өткіздік. Оның мақсаты осы мәселеге бейжай қарамайтын адамдардың барлығын бір ортаға жинау, жоғары сапалы өнім шығаратын кіші фермерлерге тұтынушыларын табуға көмектесу болды. Фестиваль осымен 2 жыл қатарынан сәтті өтті, бірақ мұның жеткіліксіз екенін түсіндік. Бұл үшін қалада нені, қалай өсіруге болатынын үнемі талқылап отыратын алаң, ересектер мен балаларды ситифермерлік негіздеріне үйрететін орталық қажет екенін байқадық. Ойлана келе «Атакент» басшылығына келдік, олар бізге жан-жақты қолдау көрсетті. Енді «Атакенттегі» көлік тұрағының аумағында Қазақстандағы бірінші қала фермасы болады, — дейді жоба жетекшісі.

Команда бірнеше мақсатты көздеп отыр. Олар органикалық қалдықтарды өңдейтін вермиферманы да ашуды жоспарлаған. YouTube-каналын іске қосқан. Онда жер телімімен не істеуге болатыны туралы түрлі видео, бағбаншылық, фермерлік туралы туториалдар жарияланып отырады. Одан кейінгі қадам — көшеттерді өсіретін жеке жылыжай салу.

Городская ферма
Фото Instagram-дағы Urbanfarmkz парақшасынан

Қазір учаскедегі жұмысымыз қызып тұр. Артық талдарды қайтадан отырғыздық, жерді тегістедік, суару жүйесін жүргіздік, енді жақында көкөніс еге бастаймыз. Көшеттерді наурыз айында отырғызғанбыз. Карантинге байланысты кей процесс тым ұзаққа созылып кетті. Соған қарамастан қол қусырып отырмадық. Жаңадан бастап жатқан фермерлер үшін шөптер мен қызанақтарды өсіруге арналған стартер жиынтығын жасап шықтық. Тұқымдарды, фермаға қажет басқа да жабдықтарды сатып алуға болатын интернет дүкен аштық. Ондағы ассортиментті үнемі толықтырамыз, — дейді Ирина Проференко.

Городская ферма
Фото  Instagram-дағы Urbanfarmkz парақшасынан

Жоба жетекшісінің айтуынша, команданы өздері ұнататын ортақ жұмыс, өмірді жақсартуға деген ниет біріктіреді.

Сол себепті де біз осы ортаны құрдық. Онда қажет тәжірибені жинап, мүдделес адамдардан қолдау табуға болады, — дейді ол.