Ержан Мырзабаевқа көмек сұрап баратындар үйленген соң қай кезде қалай әрекет етуді білмейді. Адамның білім үйренбей жұмыс істей алмайтыны сияқты отбасы да ештеңе білмей, дайындықсыз бола салатын нәрсе емес. Психологқа баратын жастардың ең үлкен проблемасы – осы. Отбасылық өмір туралы айтатын, оқытатын оқу орны жоқ. Мұндай курстар да жоқтың қасы.
Отбасын құрайын деп жатқан адамның ең бірінші қатесі – «Мен оны жақсы көремін. Отбасы болу үшін осы да жетеді» деп ойлау. Біріншіден, сезім — өте ауыспалы нәрсе. Екіншіден, үй болғанда сезім, эмоция екінші, үшінші планға өтеді. Бастапқы сезімді ұстап қалу үшін білім керек. Ерлі-зайыпты бір проблеманы дұрыс шеше алса, сезім арта береді. Егер білімі жетпей, орынсыз ренжісе берсе, сыйластық кемиді, — дейді психолог.
Психологқа келетін пациенттің көбі шаңырақ көтеру үшін отбасында көргені, ата-анасынан үйренгені жеткілікті деп ойлайтын көрінеді. Маманның айтуынша, Қазақстан дүниежүзі бойынша ажырасудан жетінші, балалар арасындағы суицидтен екінші орында тұр. Бұл статистика — қоғам мүшелерінің қалай отбасын құру керек екенін білмейтінінің дәлелі.
Қате таптаурындарды естіп, көріп өскен бала өзі отбасын құрғанда соны қайталайды. Сондықтан некеге тұрарда заман талабына сай әрі ұлттық ұстанымды ұштастыратын психологиялық дайындық керек. Ондай дайындық болмаса, ерлі-зайыптының қарым-қатынасы ушыға береді. Клиенттер проблемасын айтып келгенде ситуацияны жан-жақты талдап, шешім ұсынамыз. Сол кезде олар «Мен мұндайды білмедім, естімедім. Әкемнен көргенімді істедім, анамнан естігенімді қолдандым» дейді. Сонда олар ата-анасының қатесін қайталап келген, — дейді Ержан Мырзабаев.
Адам өз отбасындағы ұстанымдардың дұрыс-бұрысын оқып, білім алған кезде ажырата алады. Өзін дамытпаса, курстарға қатысып, кітап оқымаса, ешкімнен сұрамаса, отбасында көргенінің бәрі бірдей дұрыс емес екенін білмейді, қабылдамайды.
Көп проблема білімсіздіктен және отбасын құруға дайын болмағаннан туады, — дейді психолог.
Ержан Мырзабаев Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Жастар және отбасы комитетіне үйленейін деп жатқан жастарға арнайы курстан өтпейінше неке куәлігін бермеу туралы ұсыныс айтқан. Ол үшін жастар үйленуге арыз жазады. Содан кейін оларға өтуі керек курстардың тізімі ұсынылады. Курсты толық аяқтап, сертификат алғанда ғана неке куәлігі беріледі. Арнайы курсты мемлекеттен көмек қарастырып, тегін немесе бағасын арзан етуге болады.
Жұп бір айда мамандандырылған сабақтарға қатысса деймін. Отбасы өміріне арналған дайындықтан өтіп, ерлі-зайыпты болғанда кездесетін мәселесі түсіндірілгенде, жігіттің отағасы, қыздың жар бола алатыны, осы жұптың ажырасу қаупі төмен екені арнайы құжатпен расталғанда ғана еліміздегі отбасы институты түзеледі. Сонда бізде ажырасу азаяр еді. Мұндай қозғалыссыз дәл қазіргі жағдайдың жақсы жаққа қарай өзгеруі екіталай, — дейді психолог Ержан Мырзабаев.