Қазіргі таңда Сексеуіл кентінде үш мектеп, 2,5 мың оқушы бар. Бұл мектептердің екеуінде орын тапшы. Оның үстіне мектептер теміржолдың тек бір жақ бетінде орналасқан.

Сексеуілдің 600-ден астам оқушысы теміржолдың арғы бетінен мектепке қатынайды. Жол қысқартқысы келгендері қаз-қатар жатқан 15 рельсті аттап, вагондардың астымен өтуге мәжбүр. Ақпарат құралдары арқылы айтулы мәселеге қаныққан Президент пәрмен беріп, жаңа мектеп құрылысы бірер күнде басталатын болды. Қаржысы толық шешілген. Құны 730 миллион теңгеден асады.

Кенттегі үш мектеп теміржолдың бір жақ беткейінде орналасқан, ал қазіргі бөлініп отырған жер қарсы жақ бетінде теміржол өткелінің және балаларға, ата-аналарға мектепке қатынауға қолайлы орын деп табылып отыр, – дейді Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.

Сексеуіл кентінде аурухана мәселесі де көптен өзекті болып келді. Енді тұрғындар тілегі ескеріліп, жаңа аурухана да салынып жатыр.

Жалпы құрылыстың құны 782 миллион теңге болады. 2019 жылы құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген еді. Енді биыл құрылысты жалғастыруға 200 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға тиісті жұмыстар жалғастырылады. Құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 ай, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов.

Облыс әкімі 11 мың тұрғыны бар елді мекендегі мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды. Ал аурухана құрылысының қалған қаржысы уақытылы бөлінсе, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі мүмкін.