Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова шараны онлайн ұйымдастырудың да ұтымды тұстары бар екенін айтады.
«Музей түні» аймағымызда 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жылма-жыл қатысушылар қатары артпаса, кеміген жоқ. 2000-ға жуық қызығушылық танытқан тұрғындар «Музей түні» шарасына келіп қатысып, пікір білдіріп жатады. Дәстүр бойынша бұл шара таңертеңнен түнгі сағат 3-ке дейін жалғасатын. Биыл «Музей түні» онлайн форматта алғаш рет өткізілгелі отыр. Онлайн өткізудің ұтымды тұсы сол — тарихи мұраға қызыққан әрбір адам музейіміздің ұйымдастырған шарасын үйінде отырып-ақ тамашалай алады. Алдымен уақытын үнемдейді, өзі қызыққан тақырыпты таңдап тамашалай алады. Бір қызығы — біздің онлайн шараларымызды тек облыс тұрғындары емес, еліміздің азаматтары, одан қалды әлем халқының да тамашалауына мүмкіндігі ар. Онлайн форматтың кеңістігі, міне, осында, — дейді Эльзира Сағитжанова.
Карантин басталғалы облыс бойынша музей ұжымының ұйымдастыруымен 150 шара онлайн жүргізілді. Нәтижесінде 30 мыңға жуық көрерменді қамтып үлгерді.
«Елімізде болған жағдайға байланысты 2 ай бойы онлайн шарамызды ұйымдастырдық. Алғашында қиындықтар туындады. Бертін келе онлайн жүйеге үйреніп те қалдық. Қазір Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымыз, интернет порталымыз үздіксіз онлайн жұмыс істеп тұр», — дейді облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова.
Онлайн жиынды 18 мамырда сағат 17.00-21.00 аралығында өткізу жоспарланған. Шара аясында 10-ға жуық түрлі бағыттағы экскурсиялық, танымдық, интеллектуал жұмыстар жүргізіледі.