Алматыда 2020 жылдың 25 мамырынан бастап 500 шаршы метрден асатын сауда нысандары, қонақүйлер (хостелдерді қоспағанда), сонымен бірге қоғамдық тамақтандыру нысандары жұмысын бастайды. Сауда үйлері, сауда орталықтары, сауда ойын-сауық орталықтары аумағында орналасқан азық-түлік емес бутиктер, сән салондары, химиялық тазалау және мейрамханалар жұмыс істейді.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сауда нысандарының жұмыстарына сағат 23.00-ге дейін рұқсат беріледі.
Сауда үйі, сауда орталықтары және сауда ойын-сауық орталықтары аумағында орналасқан фудкорттарды ашу келесі — 2-кезеңде, СПА, фитнес-орталықтарын және ойын-сауық нысандарын ашу — 3-кезеңде жоспарланып отыр. Олардың ашылатын күні қаладағы эпидемиология жағдайына байланысты, кейінірек қосымша хабарланады.
Сонымен бірге 25 мамырдан бастап 5 мыңнан астам жұмысшысы бар 393 қонақүй (хостелдерді қоспағанда) жұмысын бастады. Оларға 25 мамырдан бастап қонақ бөлмелерін беруге және аумағындағы мейрамханаларды ашуға рұқсат беріледі, — деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызметіне рұқсат берілген ұйымдардың облыста тұратын қызметкерлеріне қалаға кіруге және шығуға рұқсат беріледі. Қалаға кіріп-шығу үшін қызметкерлердің деректерін Infoalmaty.kz базасына енгізу керек.