Хәрри Поттер мен жасырын бөлме. Бірінші тарау

Қазақстандағы Steppe & WORLD Publishing баспасы ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнің "Хәрри Поттер" жинағын аударып жатыр. Серияға кіретін екінші кітап "Хәрри Поттер мен жасырын бөлме" деген атаумен жарық көрді. Еңбекті ағылшын тілінен аударған – Динара Мәзен, редакторы – Назгүл Қожабек. Кітап мамырдың соңында дүкендерге түседі. Қазір кітапқа алдын ала тапсырыс беруге болады. Baribar.kz баспаның рұқсатымен кітаптың бірінші тарауын эксклюзив түрде жариялап отыр.

Хэрри Поттер

Бірінші тарау

БЕРЕКЕСІ КЕТКЕН ТУҒАН КҮН

Қынаағаш көшесіндегі төртінші үйдің тұрғындары таңғы дастарханда тағы керілдесіп қалды. Вернон Дурсли жиені Хәрридің бөлмесінен шыққан қатты дауыстан тым ерте оянып кетіпті.

– Күнара көргенім осы! – деді ол төр жақтан бақырып. – Жексұрын үкіңнің не үнін өшір, не көзін құрт!

Хәрри түсіндірмек болып бақты:

Әбден зерікті ғой. Далада ұшып үйренген құс қой. Тым болмаса түнде босатып отырсақ…

– Кімді ақымақ көресің? – Вернон жезде аузындағы қуырылған жұмыртқаны шайнап болмай айғай салғанда мұртына жабысқан тамақтың қалдығы жерге шашырады. – Үкіні ұшырып жіберіп, тағы бір бәлеге тап қыларсың!

Петуния апай да күйеуін қолдайтынын көзінен танытты. Хәрри қарсы уәж айтқысы келгенімен, бөлесі Дадли гүрілдей кекіріп, ештеңе естіртпеді.

– Тағы бекон салшы…

– Табада әлі көп, қошақаным, – деді Петуния апай ұлына елжірей қарап. – Үйде жүргенде тоя жеп ал… Мектепте қай- бір жарытып тамақ береді дейсің…

– Бос сөз, Петуния. Смелтиңзде оқып жүргенде ешқашан қарным ашқан емес. Ұлым, қарның тоқ шығар?

Май басқан денесімен орындықты сындырардай болып отырған Дадли әкесіне қарап бір ыржиып алды да, Хәрриге бұрылып, бұйыра сөйледі:

– Табаны әпер.

– Сиқырсөзді айтсаңшы, – деді Хәрри ызаланып.

Аңдамай сөйлегенін аңғарып үлгермеді. Дадли ішегін тартып, орындығымен бірге құлады. Дурслилер отбасы сияқты адамдарды сиқыршылар өзара «магл» деп атайды (бойындағы – сиқыршы қаны емес, жай қан деген сөз), бұлар үшін отбасынан сиқыршы шыққаны – сүйекке таңба, бетке шіркеу. Вернон жезде тіпті сиқыршылар елінен хат әкелмесін деп Хәрридің үкісі Хедуигті тордан шығармайды.

Хәрри отбасының өзге мүшелеріне мүлде ұқсамайтын. Вернон жездесі етжеңді, мойны денесімен тұтасып кеткен, желкесі күжірейген еркек болса, Петуния апайы – бұғанасы шодырайған арық әйел. Ал сары шашты, беті нарттай Дадли торайға ұқсайтын. Хәрри – ешкінің асығындай кішкене, арық бала. Зүбәржаттай жасыл көзі жарқырап, қара шашы ұйпа-тұйпа болып, тараққа көнбейді. Дөңгелек көзәйнегі, шекесінде найзағайға ұқсайтын тыртығы бар. Оны күллі сиқыршылар арасында танымал еткен де осы тыртық.

Он бір жыл бұрын оны біреу Дурслилердің босағасына әкелген. Хәрри бір жастан енді асқанда зұлым сиқырды меңгерген ең мықты сиқыршы Лорд Волдеморт Хәрридің отбасының ойранын шығарыпты. Сиқыршылардың өзі атын атауға қорқатын жауыздың қастандығынан аман қалған Хәрри ғана. Ата-анасы баласын қорғаймыз деп жанын берді, ал Хәрридің шекесінде сол түннің белгісі болып тыртық қалды. Волдеморт Хәрриді өлтіре алмай қалғанда сиқыр жасау қабілетінен де айырылды, бірақ себебін ешкім білмейді.

Хәрри нағашы апайы мен жездесінің қолына, мына үйге осылай келген. Дурслилермен бірге тұрған он жылда ара-тұра түсініксіз бір жайттар болатын, бірақ оның себебін айтқан да, іздеген де адам жоқ. Дурслилердің «әке-шешең жол апатында қаза тапқан, шекеңдегі тыртық содан қалған» дегеніне де еш күмәнсіз сенген.

Бір жыл бұрын Хәрриге Хогуартстан шақырту келгенде бар шындық ашылды. Бір жыл сиқыршылар мектебінде оқыды, танымал бала екенін білді… Бірақ қазір каникул, қайтадан нағашы апайы мен жездесінің үйіне келді. Мұнда ешкімге керегі жоқ, туыстарының алдында бұралқы иттен де қадірсіз.

Дурслилер тіпті бүгін Хәрридің он екі жасқа толған туған күні екенін де ұмытып кеткен. Әлбетте, өзінің де аса дәмесі жоқ, бұлар бұрын да сый жасап жарытқан емес (тортты айтпай-ақ қояйық), бірақ түк білмегендей жайбарақат отырғаны жанына батты…

Осы кезде Вернон жезде тамағын қырнап, жөткірініп алды да, сөз бастады:

– Иә, бүгін біз үшін өте маңызды күн… – Хәрри сенер-сенбесін білмей, жездесінің аузына қарады. – Бүгін мен қомақты кіріс әкелетін келісімге отырамын…

Хәрри қайтадан табағына үңілді. «Бәсе, қонақ күту туралы ескі жырына басты» деді іштей. Кейінгі екі апта бойы жездесі алда беретін қонақасын жырлап, мезі еткен. Бүгін кешке құрылыс фирмасының қожайыны жұбайымен бірге қонаққа келмек. Вернон жезде олардың көңілін тауып, пайда әкелетін келісім жасауды көздеп отыр (Вернон Дурслидің бұрғы шығаратын фирмасы бар).

– Тағы бір мәрте пысықтап алайық, – деді Вернон жезде. – Сағат сегізде әркім өз орнында тұрсын. Петуния, сен…

– Қонақ бөлмеде, – деп іліп әкетті Петуния апай, – оларды ізетпен күтіп аламын.

– Дұрыс, дұрыс. Дадли, сен ше?

– Есікті ашып, қонақтарды қарсы аламын. – Дадли жылмия ыржиды. – «Мистер Мейсон, миссис Мейсон, сырт киіміңізді алайын».

– Балам оларды тәнті етеді! – деп шаттанды шешесі.

– Жарайсың, Дадли, – деді Вернон жезде. Содан соң Хәрри-
ге қарады: – Сен ше?

– Бар-жоғымды білдірмей бөлмемде үнсіз отырамын, – деді Хәрри бірсарынды.

– Дәл солай! Оларды қонақ бөлмеге кіргізіп, Петуния, саған таныстырамын, ішімдік ұсынамын. Сегізден он бес минут кеткенде…

– Дастархан басына шақырамын, – деді әйелі.

– Дадли, сен не дейсің?

«Миссис Мейсон, ас бөлмеге жүріңіз», – деп быртиған қолын созып, «көрінбейтін» қонақты қолтықтай жетеледі.

– Нағыз джентльмен! – деді Петуния апай мәз болып.

– Ал сен ше? – Вернон жезде Хәрриге түксиіп қарады.

– Бөлмемде тыныш отырамын, бар-жоғым білінбейді.

– Дәл солай. Тамақ ішіп отырғанда қонақтарға жағымды сөз айтайық. Петуния, не дейсің?

– «Вернонның айтуынша, гольф ойнаудың шебері екенсіз, мистер Мейсон… Миссис Мейсон, мына әдемі көйлекті қайдан алдыңыз?»

– Тамаша… Дадли?

– Былай десем ше: «Мистер Мейсон, мектепте кумирің туралы шығарма жаз дегенде мен сізді жаздым».

Петуния апай мен Хәрри бұл сөзді естігенде өзіне ие бола алмады. Петуния көз жасына ерік беріп, баласын құшақтай алды; күлкі қысқан Хәрри үстел астына кіріп кетті.

– Ал сен ше?

Хәрри күлкісін күштеп тыйып, басын көтерді:

– Бар-жоғымды білдірмей бөлмемде үнсіз отырамын.

– Дұрыс. Мейсондарға сен жайында айтпадым, айтудың керегі де жоқ. Петуния, кешкі астан соң миссис Мейсонды кофе ішуге қонақ бөлмеге алып кетесің, ал мен бұрғы туралы сөз бастаймын. Сәтін салса, кешкі жаңалыққа дейін келісімге қол қоямыз. Содан соң ертең дүкенге барып, Майоркадағы демалысқа керек-жарақ сатып аламыз.

Хәрри бұған елең етпеді. Қайда барса да Дурслилердің көзіне шыққан сүйелдей болатынын біледі.

– Жарайды, қалаға барып Дадли екеумізге смокиң әкелейін. Ал сен… – Хәрриге алая қарады, – үй жинағанда аяққа оралмай, аулақ кет.

Хәрри артқы есіктен сыртқа шықты. Күн шуағын төгіп, жарқырап тұр екен. Көгалдан өтіп, орындыққа отырды да: «Туған күнім құтты болсын, туған күнім құтты болсын…» деп ақырын әндетті.

Құттықтау хат та, сыйлық та жоқ, ал кешке тіпті дымын шығармай бөлмесінде отыруға мәжбүр. Шарбаққа телміріп қарады. Қатты жалғызсырады. Хогуартс пен куидичтен бөлек, Хәрри ең жақын екі досы Рон Уизли мен Хәрмиона Грейнжерді қатты сағынды. Бірақ олар мұны ұмытқан тәрізді. Жаз бойы олардан бір де бір хат келмеді. Рон Хәрриді үйге шақырам деген уәдесін де ұмытса керек.

Хәрри қанша рет Хедуигтің торын дуалап ашып, Рон мен Хәрмионаға хат жібермек болды. Бірақ салдарын ойлап, өзін тежеді. Кәмелетке толмаған сиқыршыға мектептен тыс сиқыр жасауға рұқсат жоқ. Оны Дурслилерге әдейі айтпады, бұл өздерін қи қоңызға айналдырып жібереді деп қорқып жүрсін. Әйтпесе таяқшасы мен сыпыртқысына қоса өзін де баспалдақ астындағы шоланға қамап тастар еді.

Бастапқы күндері Хәрри бірдеңе айтқан болып ернін жыбырлатып, Дадлиді қорқытқанға іштей мәз болатын.
Ол кезде бөлесі жуан аяғын тыпыңдатып, бөлмеден безетін. Бірақ Рон мен Хәрмиона хабарсыз, сиқыр әлемі де алыстап кеткендей. Дадлиді шошытқанның да еш қызығы қалмады. Міне, достары тіпті туған күнін де ұмытып кетті.

Дәл қазір Хогуартстан бір хабар жетсе ғой. Кімнен болса да бәрібір. Тіпті қас дұшпаны Драко Малфойдан зәр шашып тұрған хат келсе де қуанар еді, ол да болса, әйтеуір, қиял емес, шындық қой…

Әлбетте, Хогуартста жыл бойы тек қызыққа кенелдім дей
алмайды. Соңғы тоқсанның аяғында Хәрри Лорд Волдеморт-
тың өзімен бетпе-бет кездесті. Жауыз сиқыршының өзі емес, елесі сияқты көрінсе де, кез келген жанның зәресін ұшыруға шамасы жетіп-ақ тұр. Айлакер Лорд қайтадан билікке жету үшін ештеңеден тайынбасы анық. Хәрри Волдеморттың шеңгелінен екінші рет құтылды, бірақ біржола дегенге сенбейді… Одан бері қанша уақыт өтсе де, Хәрри түнде қара терге малшынып оянады, қып-қызыл, ессіз көз бен жексұрын кейіпті қайта көргендей болады. Қазір Волдеморт қайда екен…

Бақшадағы орындыққа отырып, жасыл желек шарбаққа көз тоқтата қарап еді, шарбақ та бұған қарап тұр екен. Жапырақ арасынан жап-жасыл үлкен екі көз көрінді.

Хәрри орнынан атып тұрғанда әдетінше ұрынуға сайланып Дадли келе қалды:

– Бүгін қандай күн екенін білемін!

Жасыл көз жоқ болды.

– Не? – деді Хәрри әлгі көздің иесін іздеп тұрып.

– Бүгін қандай күн екенін білемін, – деді Дадли дәл қасына келіп.

– Әйтеуір, күн аттарын жаттапсың ғой! Құтты болсын.

– Бүгін сенің туған күнің! – Дадли шиқылдай күлді. – Ешкім құттықтау хат жібермеді ме? Әлгі оңбаған жерде досың да жоқ па?

– Мектебім туралы айтқаныңды анаң естімесін, – деді Хәрри.

Дадли мықынсыз бөксесінен сырғып түсе беретін ышқы-
рын көтерді.

– Шарбаққа неге қадалып қарайсың? – деді күдіктеніп.

– От тұтататын дуаны еске түсіріп тұрмын.

Жүзі үрейден әлемтапырақ болып кеткен Дадли дереу кері шегінді:

– Айт-т-пай-сың… Әкем айтты ғой… сиқыр жасасаң, үйден қуып жібереді… Басқа барар жерің жоқ… достарың да жоқ…

– Жиггер-покер, – деді Хәрри даусын жуандатып. – Хокус-покус, сигли-уигли…

– МА-А-А-МА! – деп бақырды Дадли үйге безіп бара жатып. – МА-МА! Ол әлгі… өзің білетін нәрсені істеп жатыр!

Хәрри бөлесін мазақтағаны үшін сыбағасын алды. Дадли де, қоршау да аман-сау болғандықтан Петуния апай жиенінің сиқыр жасамағанын білді, бірақ сабақ болсын деп, жуып тұрған табасын шиырып жіберіп қалғанда, Хәрри бұғып үлгерді. Содан соң үйіп-төгіп жұмыс беріп, «бәрін істеп болмайынша тамақ ішпейсің» деп ескертті.

Дадли балмұздақ жеп, зерігіп отырғанда, Хәрри терезелерді, машинаны жуды, шөп шапты, гүлзардың түбін қопсытты, раушан гүлдерді суғарды, бақшадағы орындықты сырлап шықты. Тас төбеден шақырайған күн желкесін шыжғырып әкетіп барады.

Хәрри бөлесінің сөзіне мән бермеуге үйренген, бірақ бүгінгісі батып кетті… мүмкін, Хогуартста расымен досы жоқ шығар… «Қазір олар әйгілі Хәрри Поттерді көрсе ғой» деп ойлады гүлдің түбін қопсытып, көң тастап жүргенде.

Белі әбден ауырды, самайынан моншақтап аққан тер өңіріне құйылды.

Жеті жарымда Петуния апай оны үйге шақырды:

– Бері кел! Газетті басып кір!

Хәрри қоңырсалқын, тап-таза асүйге қуана кірді. Тоңазытқыштың төбесінде кеше түнде пісірілген пудинг тұр екен: көпіршіген қаймақ таудай үйілген, бетін қантқа салынған шегіргүлмен әсемдепті. Пештен еттің иісі шығады.

– Мә, жеп ал! Мейсондар қазір келеді! – Петуния апай екі тілім нан мен бір тілім ірімшікті үстелге қоя салды. Өзі қызғылт түсті сәнді көйлек киіп алыпты.

Хәрри қолын жуды да, «кешкі асын» бас салды. Нанды жеп бола бергенде апайы тәрелкесін жұлып алды:

– Бөлмеңе бар! Жылдам!

Қонақ бөлменің тұсынан өтіп бара жатып, есігінен сығалап, Вернон жезде мен Дадлиді көрді: екеуі смокиң киіп, жағасына көбелек галстук байлап алып, жұтынып тұр. Жоғары қабатқа шыққанда есіктің қоңырауы соғылды. Вернон жезде баспалдақтан жоғары қарап:

– Дыбысың шықса, жақсылық күтуші болма, – деп ескертті.

Хәрри мысықтабандай басып бөлмесіне кірді де, төсегіне құлай кетпек еді, бірақ бұрышта отырған әлдекімді байқады.

Хәрри Поттер

Барлық құқығы қорғалған. Бұл жарияланымның ешбір бөлігі баспагердің алдын ала жазбаша келісімінсіз қайта басылмайды, қойма жүйесінде сақталмайды әрі енгізілмейді, ешбір формада немесе тәсілмен (электрон, механика, фотокопия, жазбаша немесе басқаша) тасымалданбайды. Бұл жарияланымға қатысты әлдебір заңсыз әрекетке барған кез келген адам қылмыстық жазаға ұшырап, залалы үшін азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

©Steppe&World. Алматы 2020

Мәтіннің авторлық құқығы © J.K.Rowling 1998

Иллюстрациялардың авторлық құқығы ©Jonny Duddle

©Bloomsbury Publishing Plc