2 айға жуық үйде физикалық формасын сақтауға мәжбүр болған футболшылар енді толыққанды жаттығуға кірісіп жатыр.
Пандемия барлығымызға оңайға соққан жоқ. Футболдан Қазақстан біріншілігі екі турдан кейін кейінге шегерілгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Мұндай жағдай әлемнің барлық елінде кездесті. Еуропаның беделді біріншіліктерінде де осындай ахуал қалыптасты. Бұл адамдардың денсаулығын сақтауда оң қадам болды. Сол арқылы футболшылар мен жанкүйерлерді көлденең кеселден сақтауға назар аударылды. «Қайсар» ойыншылары да сол талапты орындауға көңіл бөлді. Карантин уақытында үйінде болды. Тіпті легионерлерді де өз елдеріне жіберген жоқпыз. Олардың барлығы Қызылордадан сыртқа шыққан жоқ. Спортшы әрдайым өзінің бабында болуға тиіс. Бұл бағытта бапкерлер мен ойыншылар тығыз байланыста жұмыс жүргізді. Бапкерлердің онлайн берген тапсырмасын футболшылар толық орындады. Осылайша олардың бабын жоғалтпауға көңіл бөлінді. Команда үшін биыл – ерекше жыл. Еурокубок ойындарында бақ сынаймыз, – деді «Қайсар» командасының бас директоры Серік Досманбетов.
Қазір еліміздің футбол федерациясында Қазақстан біріншілігін өткізудің бірнеше нұсқасы дайындалып жатыр. Доп додасын қараша айына дейін аяқтау ойластырылған. Ол үшін ойындар санын қысқарту ұсынылып отыр. Бұл жағдайда қазірге дейін өткен 1 және 2-тур, мерзімі өзгерген ойындарды қоса есептегенде біріншілік екі айналым бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар Қазақстан кубогын ұйымдастыруда да өзгерістер енгізілуі мүмкін. «Қайсар» былтырғы кубок иегері ретінде оны ширек финалдан бастайды.
Карантин уақытында ойыншылар денсаулығына көңіл бөлдік. Қашықтан олардың денсаулығы қадағаланып отырды. Біз арнайы тізбе негізінде тапсырма бердік. Футболшылар сол бойынша бізге барлық мәліметті жіберді. Ендігі кезекте де олардың денсаулығы санитарлық талапқа сай негізде назарда ұсталады, – деді команда дәрігері Сәкен Дөңесов.
Оқу-жаттығу жиынына барлығы 26 футболшы шақыру алды. Әзірге жігіттер күніне екі мәрте дайындық жүргізеді. Алдағы уақытта ол үшеуге көбейтілуі мүмкін. Бұл ойыншылардың толық қалпына келуіне оң әсерін тигізеді.