Сенаторлар еліміздегі ірі қалалар мен облыс орталықтарынан бейбіт жиын, митинг өткізуге болатын кемінде үш мамандандырылған орынды анықтауды ұсынып отыр. Tengrinews.kz хабарлауынша, бейбіт жиынды ұйымдастырушыларға бет-әлпетті көрсетпейтін киім-кешек пайдалануға тыйым салынған. Сенаторлар осы мәселені де шолып шықты.
Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасында қатысушылар зорлық-зомбылық жасаған жағдайда және бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты ұйымдастырушының талабын бұзған кезде бейбіт жиынды тоқтатпауды ұсынды. Депутаттардың айтуынша, оұның орнына қатысушы заң талабын бұзса, бейбіт жиналыстарға қатысуын шектейтін норма қарастыру керек. Сонда бейбіт жиын тоқтамай, әрі қарай жалғаса береді.
Бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында бейбіт жиындар туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді. Ол кезде заң жобасын бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев таныстырған.