Жауын-шашын салдарынан Қасқасу ауылдық округінің төрт үйін және Леңгір қаласында 20, Екпінді ауылында 28, Ынтымақ ауылында 28 ауланы және тағы басқа елді мекендердегі аулаларды — жалпы 376 ауланы су басқан. Қасқасудағы төрт көпірді су шайып кетті. Бұл оқиға 13 мамырда сағат 17.00-ден асқанда басталған.
Облыстың төтенше жағдай департаменті қызметкерлері барлығы 947 текше метр суды сорды. Сұлтан Рабат ауылында 129 ауланы су басып, ауылдың 70 тұрғыны Леңгірдегі №8 кәсіптік техникалық колледжге эвакуацияланды. Оның ішінде 32 бала бар. Тағы 80 адам туыстарына кетті. Көксай-2 ауылының №9 көпбейінді колледжде қосымша эвакуапункт дайындалды. Бірақ ол жаққа әзір тұрғындар барған жоқ.
Оған қоса, Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Қаржан елді мекенінде екі ауланы және емханаға іргелес аумақты, Жігерген ауылдық округі не қарасты Айнатас ауылында төрт ауланы су басты.
Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері Рахимов ауылынан Көкбел ауылына 133 адам, оның ішінде 45 баланы эвакуациялады. Бұл аймақта арықтар тазаланып жатыр.
Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылдық округінде канал тасып, үш елді мекенде 13 ауланы су басты. Бұл аймақтан 55 адам ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке эвакуацияланды. Барлығы 130 текше метр су сорылды.
Облыстық төтенше жағдай департаменті өкілдерінің айтуынша, Төле би ауданы судан қатты зардап шегіп отыр. Бүгін, 14 мамырда ауданға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барды. Әкім штаб отырысын басқарып, тапсырма берді, тұрғындармен кездесті. Судан зардап шеккендер жоқ. Тек сегіз бас мал суға кетті.
Түркістан облысы төтенше жағдай департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Запаров облыстағы жағдайға байланысты өткен брифингіде тұрғындарға көмек беріліп жатқанын айтты.
Түнде хабар түсісімен Төле би ауданына төтенше жағдайлар департаментінен жеті жеке құрам, алты техника, 12 мотопомпа жіберілді. Мақтааралдағы апатқа жұмылдырылған жеке құрамнан 18 адам, екі техника, 10 мотопомпаны да осы ауданға жібердік. Қазір Леңгір қаласының аулаларындағы суды сорып, елді мекендегі тұрғындарға көмек беріп жатыр, — деді Бақытжан Запаров.
Сонымен қатар төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері Бадам өзені маңына барып, мотопомпаларды дайындап тұр. Арыс пен Ордабасы ауданындағы жеке құрамдар Арыс өзенінің маңында тұр. Өйткені бұл өзеннің де тасу қаупі бар.