Қайрат Болатұлы Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының президенті, Азия федерациясының вице-президенті болды. Біздің ауыр атлеттеріміздің әлем аренасындағы жетістіктері, беделді халықаралық жарыстардағы жеңістері оның есімімен байланысты. Қайрекең ірі кәсіпорынды басқарып, өмірінің соңына дейін белсенділік танытты. Ұжымы басшысынан айырылып, ауыр қазаға ұшырады. Қайрат Болатұлының жарқын бейнесі әрқашан есімде! Орны толмас қаза. Иманды болсын, — деп Арыстанбек Мұхамедиұлы марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Қайрат Тұрлыханов 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауданында дүниеге келген. Ол Еуразия нарық университеті мен «Қайнар» университетін бітірген. 1995-1998 жылдары «Бақты» кеден бекетін басқарды. 2001-2002 жылдары Семей әкімі қызметін атқарды. 2006 жылы ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының кеңесшісі болды. 2007 жылдан ҚР Көлік және коммуникация министрінің кеңесшісі болып істеді. 2010 жылдан «Ақпараттық өндірістік орталық» кәсіпорны директоры болды. Марқұм «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «2М органында 15 жыл қызмет еткені үшін»,»ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдары бар. Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының президенті және Азия ауыр атлетикасы федерациясының вице-президенті болды.