Алма Қалиева, медбике: Жазылып кету үшін адам өзін емдеп жатқан дәрігерге көмектесуі керек
Медбикенің жұмысы қызық әрі қиын. Ауруханада дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу медбикеге жүктеледі. Өзім ауылда істеймін. Ауылда медбикелерге жұмыс тіпті көп. Халыққа бәрін алдын ала түсіндіру, ауруханадағы тазалықты тексеру, жүкті әйелдердің жағдайын қадағалау, балалардың 1 жасқа дейінгі денсаулығын бақылау да — осы маманның міндеті. Ауылда адамдарға алғашқы медициналық көмекті де медбикелер береді. Ішімдікке салынған немесе есірткі тұтынатын тұрғындарға да алғашқы көмек бізден. Масайған адам агрессия көрсетуі мүмкін. Мұндайда медбике өзін қорғап тұрып, пациентке қалай көмектесу керек екенін білуі керек. Тегін дәрі-дәрмек алатын тұрғындардың дәрісін уақтылы ішуін де осы медицина мамандары қадағалайды. Кейінгі кезде медбикенің міндетіне паллиатив көмек беру де кірді. Ол дегеніміз — егде жастағы төсек тартып жатқан науқастардың үйіне барып, қарау, аяқ-қолын қозғап, жуындыру, жылы сөз айту.
41 жыл медбике қызметімде түрлі жағдай болды. Кейде ауруын біліп тұрып, дәрігердің айтқанын істемейтіндерге бірнеше рет түсіндіруге тура келеді. Біздің жұмыста «8 сағат істедім, жұмысым аяқталды» деген нәрсе жоқ. Ауру деген күн-түнге, жыл мезгіліне қарамайды. Дәл қазір вирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігерлер сияқты үй бетін көрмей жұмыс істейтін кездер болады.
Адамдарға кез келген уақытта, оқыс жағдайдың бәрінде керекпіз. Мысалы, аяқ астынан әйел босанып қалуы мүмкін. Ол кезде әйелдің де, баланың да жағдайын ойлап, тезірек перзентханаға жеткізуге қамданамыз. Перзентханаға жете алмай қалып, әйелді өзім босандырып алған кездер болды. Қазір ауылда бірнеше балаға кіндік шешемін.
Жұмыс істеп жүріп, жас мамандарға осы қызметтің қыр-сырын үйретіп үлгереміз. Оларға: «Бірінші өздеріңді сақтаңдар, ауырмауға тырысыңдар, сосын өте таза болыңдар», — деймін. Медбике науқастарға қажет, оның бірнәрсеге ұшырамағаны жақсы. Медицина мамандарына сенбейтін, күмәнмен қарайтын пациенттер бар. Олар көзі ашық болса екен, денсаулығына көңіл бөлсе екен деймін. Жазылып кету үшін адам өзін емдеп жатқан дәрігерге көмектесуі керек. Ол үшін маман тағайындаған емді қабылдап, берген кеңесін орындауы қажет. Екі жақтан бірігіп істеген жұмыс ешқашан олқы болмайды.
12 мамыр — Медбикелердің халықаралық күнін жылда ұжыммен атап өтуге тырысамыз. Отбасым, жақындарым бұл күні құттықтап, жылы лебізін білдіреді. Еңбегіміз бағаланбай, марапатсыз қалып көргеніміз жоқ.
Қазір біраз медицина маманы коронавируспен тура майдандағыдай күресіп жатыр. Осы саланы таңдағанда адамды құтқарып қалуға ант береміз. Сөз бергеннен кейін өзімізді аурудан сақтай отырып, халықтың денсаулығы үшін алғы шепте күресуіміз керек. Індет ошағында жұмыс істеп жүрген барлық маманға сарқылмас төзім тілеймін. Бұл да уақытша.
Зере Әміре, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығының реанимация бөлімінің медбикесі: Медбике бәрін айтқызбай түсінуі қажет
Операция бөлмесіне кіргеннен кейін науқастың жағдайы дәрігер мен медбике ойлағандай болмауы мүмкін. Сондықтан операция медбикесі жағдайды жылдам түсініп, не істеу керек екенін біліп тұруы керек. Себебі науқас та, дәрігер де медбикенің ойланып, қашан шешім қабылдайтынын күтіп тұрмайды. Дәрігер операцияны дұрыс жасауы үшін медбике сол жердегі құралдарға, пациенттің жағдайына жауапты. Ол тура қасындағы дәрігер сияқты ойлап, оны айтқызбай түсінуі қажет. Әр пациент әртүрлі ойлайды. Бір адам дәрігердің айтқанын мұқият орындап, оған Құдайдай сенсе, кейбірі барлық міндетті біз сияқты маманға артып қояды. Медицина мамандары науқасқа қарауға міндетті екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен денсаулығына бірінші адамның өзі жауапты. Кейде нұсқауды орындамай, ауруы асқынып кеткенін дәрігерден көретіндер бар. Ондай кезде еңбегімізді бағаламағанын түсініп, іштей қынжыламыз. Пациенттердің арасында медбикенің аз-маз ақпарат бергеніне, бір қарағанына риза болып, рақметін жаудыратындар да жетеді. Көбіне сондай адамдардың тез сауығып кететінін байқаймын.
Мамандығым өте таза, ұқыпты болуды үйретті. Операцияға кірмей тұрып бүкіл құрал-жабдықтың, аппараттың, төсек жабдығының таза болуын, құралдардың жарайтын-жарамайтынын тексеремін. Бірнеше жыл бұрын күніне 18-20 операцияға кіретінмін. Кейін клиникамызда басқа да бөлімдер ашылды, маман көбейді. Жұмысым 9.00-ден 18.00-ге дейін болса, күніне 9-10 операцияға кіремін. Операция бөлмесіне кірмей тұрып бісмілләмді айтамын, іштей сыйынып, бәрін Құдайға аманаттаймын.
Жылда мерекеде бас дәрігердің атынан марапат қағазын аламыз. Жиналыста барлық медицина маманына тілек айтылады. Мейрамға орай сайыстар да ұйымдастырылады. Бұл күнді отбасыммен де атап өтемін.
Медбикелерге, оның ішінде айлап ауруханаға қонып, коронавируспен күресіп жатқан медицина мамандарына сабыр тілеймін. Әрқайсы жұмысының жемісін көрсін. Көбіне өңірлердегі ауруханаларда жағдай ірі қаладағыдай болмауы мүмкін. Қазақстанның барлық аймағында аппараттар, керек құралдар жеткілікті болса, керемет болар еді. Медбикелердің жалақысын көтеру де артық етпейді. Қандай жағдай болмасын, медицинаға жүгінеміз. Ендеше олар жоғары жалақыға лайық.
Диля Атаханова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің клиника-диагностикалық орталығының хирургия бөлімінің медбикесі: Медбике науқасқа қажет кезде үміт сыйлауы керек
Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе — өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Әр емнің өз уақыты бар, соны ұстану керек, таза жүру керек. Тағы бір қажет нәрсе — білім. Жалпы барлық маманға білім керек, медбикелерге ол екі есе қажет. Ол науқасты операцияға дайындайды және одан кейін де қабылдап алып, жағдайын қадағалайды. Әсіресе, операциядан кейін пациент ерекше күтінуі керек. Науқастың тамақтануы, жуынуы, оны тұрғызып, жүргізу, жарасын таңу — бәрі медбикенің жұмысы. Пациенттер операцияға кірерде көбіне қорқады, үрейленеді. Сондықтан оларды тыныштандырып, «жеңіл болады, наркоздан кейін жақсы оянасыз» деген сөзді айтып, қолдау, операциядан шыққан басқа пациенттермен сөйлестіру де медбикенің қолынан келуі керек. Жұмысқа жаңадан медбикелер келгенде оларға: «Басында қалай жұмыс істейсеңдер, сол күйі кетесіңдер. Қазірден өте таза, ұқыпты әрі әдепті болыңдар. Кез келген адаммен сөйлескенде этиканы сақтаңдар», — деймін. Мамандығым, істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Науқас ауруханаға түскеннен жазылып шыққанға дейін ұстанатын ішкі тәртіп бар. Сол тәртіп бойынша жұмыс істеп, ережеге сай сөйлесемін. Операцияға кірерде оның сәтті өтетініне, пациенттің жазылып кетуіне аса көңіл бөлемін. Басқа проблеманы ойламай, дәрігерге құлақ асып, емделушінің жағдайы жақсаратынына сеніп кіремін.
Бірде шалғай ауылдан егде жастағы пациент келіп, өтіндегі тасты алдырды. Бірақ одан кейін қосымша операция қажет болды. Пациент оған психологиялық тұрғыда дайын болмады. Жылап, «операцияны көтермей қаламын» деген үреймен отырды. Хирургиялық бөлмеге кірерде есінен танып қала жаздады. Сонда мен: «Осы уақытқа дейін сіз сияқты қанша пациентті көрдім, мұндай операциядан бәрі күліп-ойнап шыққан. Сіз де мына есіктен аман-есен, жадырап шығасыз. Таңертең екеуіміз кездесіп, қол алысамыз», — дедім де, операцияға кіргіздім. Ертеңіне сол апа мені арнайы шақырды. «Кеше сен келіп қолдамағанда тірі қалудан үмітімді үзген едім…» — деп, алғысын жаудырды. Демек, медбике науқасқа қарап қана қоймай, қажет кезде оған үміт сыйлауы керек.
Жылда өңірдегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, сосын өзіміздің басшылық марапаттап, құттықтайды. Биыл карантинге байланысты онлайн атап өтетін шығармыз.
Жалпы, қазақстандықтарға, медицина мамандарына «төзімді болыңыздар» деймін. Өзіне, денсаулығына қарамай, отбасынан алыста жұмыс істеп жатқан мамандарды сырттай қолдауымыз керек. Барлық медбикеге сабыр мен зор денсаулық тілеймін.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)