«Мен кәсіби футболшы болып, Қазақстан құрамасында ойнауды армандаймын. Олимпиадаға да қатысқым келеді, — дейді Айбатыр Мырзабеков.
Айбатырды командасындағылар «нағыз батыр» деп атайды. Ол жарыс кезінде төрешілер ойынды тоқтатқанша арқанды бар күшімен ұстап тұрған. Қазір ол дәл сол сәтте командасының жеңуін қатты тілегендігін есіне алады.
«Ойыма тек «Шегінбеу керек, шегінбеу керек» деген үн келе берді», — дейді жас спортшы.
Айбатыр футбол командасында шабуылшы позициясында ойнайды. Жиі аудандық, облыстық жарыстарға қатысатын жасөспірім бірнеше рет «Былғары доп» турнирінде жүлделі болған. Айбатырдың кумирі — Криштиану Роналду. Оның әрбір ойынын Айбатыр өткізбей көреді. Сабақты тек 4-5-ке оқитын ол спортта ғана емес, сабақ үлгерімі бойынша да алда болғысы келетіндігін айтады.
«Әрбір жарыста медаль алғым келеді және сол үшін бар күшімді саламын», — дейді сеніммен жас спортшы.
Айбатырдың жаттықтырушысы Нұрлан Дакишев: «Біз 1/8 финалда шығып қалсақ та, жақсы ойын көрсете алдық. Бұл жарыс негізі 30-40 секундта аяқталатын. Ал біздің команда ойнаған арқан тартыс 5 минутқа дейін созылды. Төрешілер бұған дейін мұндай жағдай болмағандығын айтады. Біздің Айбатыр Батыс Қазақстан облысының қорғанының қандай мықты екендігін көрсетті», — дейді ол.
Ойыннан кейін оралдық оқушыға туыстары, достары, Қазақстанның барлық аймақтарынан журналистер де хабарласып жатыр. Айбатырды бұл танымалдылық аздап қысылтқанымен, ол өзіне көпшіліктің көңіл бөлгендігі ұнайтынын жеткізді.
«Жайық» командасы Петропавл қаласынан Оралға 8 қарашада жетеді. Ал Айбатырдың ата-анасы ұлдарын ерлігімен құттықтау үшін тағатсыздана күтіп отыр.
Айбатыр Мырзабеков өзінің табандылығымен «Мен Чемпионмын» ойнында көрермендерді тебіренткен еді. Жарыс кезінде ол жалғыз өзі қалып соңына дейін арқан тартты.