4 мамырда шаштараздарға жұмысқа қайта кірісуге рұқсат берілген еді. 2 күннен кейін-ақ Қазақстанда шаштараз қызметі саласындағы айналым 52,3 миллион теңге болды, 15 мыңнан астам чек берілген. Бір чектен орташа табыс 3,5 мың теңге болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2 күнде Нұр-Сұлтан шаштараздарының бірі 1,7 миллион теңге тапты. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Екінші орында 1,4 миллион теңге тапқан Алматы шаштаразы, 1,3 миллион теңге табыс тапқан Шымкент кәсіпкері үшінші орында.
Шаштараздар еліміздің барлық аймағында бірдей табысқа кенеле қойған жоқ. Бес өңірде ең төменгі табыс 500 теңге болды.
Онлайн бақылау-касса машиналарының қолма-қол есеп айырысу туралы мәліметі кәсіпкерлердің қызметін салық есебін тапсырардан бұрын және барып тексеріп жүрмей-ақ талдауға мүмкіндік береді. Комитет чек берілмеген машинаның орналасқан жерін біліп отырады. Талдау барысында 17,4 мың шаштараздың 16 мыңға жуығының қызметін әлі қалпына келтірмегені немесе онлайн бақылау-касса машинасын қолданбағаны анықталды. Сонымен бірге ауысым соңында бір-екі чекті ғана шығару сияқты фактілер анықталды. Бақылау-касса машиналарын пайдаланбау және чек бермеу — бұл кәсіпкерлік кірісті жасыру арқылы салық заңнамасын және тұтынушылар құқығын бұзу, — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Жуырда Қазақстанда «Чек талап ет — жүлде ұтып ал!» акциясы басталады, кәсіпкерлік нысанынан алған чекті жолдаған адамдар ұялы телефонына баланс ұтып ала алады. Акция барысында сауда немесе қызмет көрсету орындары чек бермей қойған тұтынушылар мобайл қолданба арқылы шағым жолдай алады.
Әрбір чек — бюджетке қосымша түсім, — дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары.