Қайғылы оқиғалар Жамбыл, Қарағанды облыстарында тіркелді.

Коронавирус инфекциясының салдарынан Жамбыл облысында бір адам, Қарағанды облысында бір адам көз жұмды, — деп хабарлады мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде коронавирустан Павлодар облысының 1959 жылы туған тұрғыны қайтыс болған. Ол жүк көлігін жүргізуші болып жұмыс істеген. 20 наурыз бен 18 сәуір аралығында Ресейде, Беларусьте, Польшада, Чехияда және Қырғызстанда болған. 19 сәуірде Қазақстан шекарасында оның коронавирус жұқтырғаны анықталып, ауруханаға жатқызылған. Пациенттің қызуы көтерілген, әлсіреп, қалтыраған, құрғақ жөтелі болған. Дәрігерлер оның екіжақты пневмониясы асқынғанын, жүректі зақымдаған гипертониямен, созылмалы бронхитпен және екінші дәрежелі семіздікпен де ауыратынын анықтап, Нұр-Сұлтандағы коронавирус инфекциясы жөніндегі жағдаят орталығы мамандарының кеңесімен ем белгілеген. 4 мамырда реанимация бөлімінде науқастың жүрегі тоқтады.

Қарағанды облысында да 1959 жылы туған науқас қайтыс болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ер адам 20 сәуірде өкпесі ауырып, Теміртаудағы орталық аурухананың пульмонология орталығына жатқызылған. Одан COVID-19 анықталды. Пациент осы және «екіжақты тінаралық пневмония» диагнозымен жұқпалы аурулар стационарына ауыстырылған. Дәрігерлер оның қатерлі ісігі бар екенін де анықтады. Науқасқа реанимация бөлімінде өкпені жасанды желдету аппараты қосылды, бірақ инфекция мен уланудан болған шоктан және көп органы қызметін тоқтатқаннан жан тәсілім етті.

Елімізде коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы саны 29-ға жетті. Ауруды барлығы 4 049 адам жұқтырды, оның 1 173-і жазылып шықты.