Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол халыққа жан-жақты көмек беру керек екенін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, эвакуация пункттерінде отырған халық ең әуелі әлеуметтік көмек пен мал-мүлкіне өтемақы алуы керек. Сол себепті әкім тұрғындардан малының саны, жылжымайтын мүлкі туралы мәлімет пен жеке басын куәландыратын құжат жинақтауды тапсырды. Сонымен бірге ол апаттан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік, қажет заттар беруге кәсіпкерлер мен қоғамдық қорларды тартуды ұсынды. Тағы бір тапсырма — тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарына келген залал мөлшерін анықтау.
Зақым келген автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріне және ауыл шаруашылығы алқаптары мен үй жануарларына келтірілген зиян мөлшерін есептеу керек. Қауіп төніп тұрған елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау қажет, — деді Өмірзақ Шөкеев.