Қазіргі уақытта облыс шаруалары 423,2 мың гектар жерді жыртып, 291,7 мың гектарға дән екті. Соның ішінде 171,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 22,7 мың гектарға дәндік жүгері, 40,4 мың гектарға майлы дақылдар, 16,7 мың гектарға картоп, 14,9 мың гектарға көкөніс, 3,3 мың гектарға бақшалық, 13,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар және 8,9 мың гектарға қант қызылшасы егілді.
Бүгінде Ақсу ауданында тәтті түбір 1700 гектарға себілді. Алакөл ауданында – 410, Көксу ауданында – 1600, Қаратал ауданында – 881, Кербұлақ ауданында – 60, Ескелді ауданында – 2100, Сарқан ауданында – 1470, Қапшағайда – 480, Талдықорғанда 182 гектарға себілген. Егін науқаны жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.
Облыс шаруаларына тұрақты түрде көрсетілетін көмек ретінде «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ арқылы 548 ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін қант қызылшасының жоғары өнімділікті тұқымының 14,2 мың егіс бірлігі сатып алынды.
Өңірде жүгері алқабы да кеңейіп келеді. Егер былтыр «дала аруы» 81 728 гектарға жерге себілсе, биыл 83 496 гектар жерге егілген.
Картоп егу де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 39 948 гектар алқапқа картоп егіледі.
Биыл Алматы облысында жалпы егіс алқабы — 966,5 мың гектар. Былтыр бұл көрсеткіш 961,6 мың гектар болған еді. Алқаптарда 33,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді.