Басты бетҚоғамКамалжан Надыров...

Камалжан Надыров Алматы облысына арнайы іссапармен барды

Камалжан Надыров бірінші Есікке барды. Мұнда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өңірдегі індетке қарсы іс-шаралардың қалай жүріп жатқанын баяндады.

Аудандық ауруханының жұмыстарымен бас дәрігер Жәмиля Әбеуова жан-жақты таныстырды. Ол дәрігер жұқпалы дертті ауыздықтауға бар күш-жігерін сарқа жұмсап жатқанын жеткізді.

Қазіргі ортақ міндет вирустың таралуын тежеп, аурудың бетін қайтаратын амалдар табу керек екені баршаға түсінікті. Сондықтан ауруханадағы реттілік пен тәртіпке жіті назар аударылады. Қажет құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, бетперделер мен арнаулы киімдермен толық қамтамасыз етілген. Вице-министр аудандағы әріптестерінің ұсыныс-пікірлеріне де ден қойды.

Бұдан кейін Камалжан Надыров Түрген ауылы маңындағы «Тау самалы» сауықтыру орталығына барды. Өйткені мұнда инфекция бөлімінің дәрігерлеріне арналған демалыс бөлмелері жабдықталған. Онда 70-тен астам медицина қызметкері орналасқан. Оларға барлық жағдай жасалған. Сақтық шараларына байланысты дәрігерлер қазір уақытша отбасына жіберілмейді. Медицина қызметкерлері осында демалып, тамақтанады. Күш жинап, қуат алу мүкіндіктері жан-жақты ойластырылған. Вице-министр ұйымдастырылған бұл жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді.

Іссапар соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Камалжан Надыров әкімдермен және аудандық аурухана дәрігерлерімен селектор жиынын өткізді.

Ең бірінші дәрігердің ұқыптылығы өте қажет. Бұл істе ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Біз үшін бәрі маңызды. Істеріңізге, денсаулықтарыңызға сақ қараңыздар. Өйткені сіздер сәт сайын науқастармен тығыз қарым-қатынаста боласыздар. Сондықтан емдеушінің орнына вирус тасымалдаушыға айналып кетпеңіздер. Соны ерекше ескерген жөн, – деді Камалжан Надыров.