«Туған жер» дегенде әр азаматтың жүрегіне ерекше шабыттың, сезімнің ұялайтыны белгілі. Өйткені адам ең алдымен туған жердің түлегі. Сол даланың, жердің, мекеннің меншігі. Оған деген махаббат пен сезімнің шегі жоқ. Осындай сезім әр азаматтың бойында орнығып, қанына даруы үшін, бұл ұғымды кеңінен ұғынуы үшін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалуы тиіс міндеттерге «Туған жер» деп аталатын бағдарламаны енгізді.
Бірлікке бастар жол
Бағдарламаның басты мақсаты – шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру. Сонымен қатар азаматтарды өскен өлкесіне, ауылына, қаласына, оның тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарауға үндеу. Яғни, перзенттік парызға деген жауапкершілікті арттыру. Бұл ретте бағдарламаны жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды төрт негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші бағыт — қазақстандық патриотизм негізінде жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу. Екінші бағыт — туған жер алдындағы жауапкершілікті күшейту арқылы қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін көтеруді мақсат етсе, үшінші бағыт — азаматтардың өз өлкесінің тарихы мен мәдениетіне құрметін, қызығушылығын оятуға бағытталған. Ал төртінші бағыт бағдарлама аясында атқарылған игі істердің насихаты деуге болады. Мұнда жобаларға қоғамдық бақылауды, жұртшылықты ақпараттандыруды қамтамасыз ету қарастырылған.
Биыл бағдарламаның қолға алынғанына үш жыл толады. Осы уақыт ішінде оны тиімді орындау үшін жоба менеджменті әдіснамасы әзірленіп, жобалық инфрақұрылым дайындалды. Тиісті нормативтік-құқықтық база жасалып, қоғамдық институттар, мониторинг жүйесі енгізілді. Жалпы алғанда, алғашқыда екі кезеңге жоспарланған бағдарлама (І кезең – 2017-2022 ж.ж, ІІ кезең – 2023-2032 ж.ж.) ортамерзімді кезеңде жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Меценаттықты дамытудың маңызы
Бүгінгі таңда бағдарлама екі негізгі бағытта іске асуда: өлкетану қызметі мен меценаттықты дамыту.
Меценаттық белсенділікті дамыту бойынша азаматтық қоғам мен мемлекет бірлесе отырып, жергілікті жерлерде қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешу жөнінде бірқатар шаралар атқарды. Көптеген қазақстандық туған жерінің дамуына атсалысты. Меценаттар қолдауы арқылы балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері және спорттық нысандар салынып, тағы бір бөлігі қайта жөнделді.
Аймақтар бойынша қарастырсақ, аталған бағдарлама көптеген әлеуметтік нысанның ел игілігіне берілуіне өз септігін тигізді. Мысалы, өткен жылы Қoстaнaй oблысындa мeцeнaттaрдың қoлдaуымен IT-технология мен робототехника кабинеттері жасақталған. Ал Қарағанды облысында мәдениет үйі дeмeушiлeр eсeбiнeн жөнделіп, пайдалануға берілген. Сол секілді демеушілер есебінен Ақмола облысында ауылдық мектеп ғимараты, Солтүстік Қазақстанда бірнеше ауылға баратын жол жөнделді.
Осындай бастамалар еліміздің барлық аймағында жүзеге асты. Бағдарлама отансүйгіштік идеологияға деген пәрменді талап-міндеттің маңызын айқындап берді. Мотивациялық екпіні бар жобалардың тағы бір мысалы – Алматыда «Жарыс арена» кешені, мектеп пен емхана салынды. Сонымен қатар Қызылорда облысында екі емхана, мектеп және балабақша, Маңғыстау облысында 12 спорт кешені мен мәдениет үйінің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар бағдарламада меценаттықты моральдық көтермелеу механизмдері қолданылды. Ауылда өмір сүрудің көрсеткіші жақсарып, ішінара жұмыссыздық пен экономикалық тұрақсыз ауылдар мәселесі шешілді.
Атап өтерлігі, мемлекет пен бизнес, ҮЕҰ мүшелерінің бірлескен қызметінің үздік тәжірибелерін көрсететін бастамалар қолға алынды. Мысалы, бағдарламаға қосымша қор тартып, нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге қажетті ұсыныстарды дайындауды көздейтін ASAR форумы жыл сайын өтуде. Сонымен қатар «Жомарт жүрек» жобасы бойынша да аз уақытта айтулы нәтижеге қол жеткізілді.
Жалпы, бағдарлама қолға алынған 3 жыл ішінде республикада 11 173 мeцeнaт жәнe 274 миллиард тeңгe қaрaжaт тaртылғaн. 2019 жылы 547 нысaн жaңaрып, 825 нысaн жaңaдaн сaлынды. Сoнымeн бiргe, бaғдaрлaмa aясындa өткeн жылы рeспублика бойынша 12 мыңнaн aсa іс-шaрa өткeн. Бұл шaрaлaрғa жaлпы көлeмі 62 миллиард тeңгe қaржы қaрaстырылды. Oның iшiндe 14 миллиард тeңгe мeмлeкeттiк бюджeттeн жұмсaлсa, қaлғaн 48 миллиард тeңгe мeцeнaттaр мeн дeмeушiлeр қaржысы eсeбiнeн тaртылғaн.
Өлкетану — өміршең бастама
Бағдарламаның екінші базалық бағыты өлкетануға арналған. Бұл тарапта іске асырылып жатқан шаралардың ішінде Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасын ерекше атап өтуге болады. Алғаш 2018 жылы қолға алынған шара аясында елімізге белгілі қаламгерлердің шығармашылық экспидициялары ұйымдастырылды. Олар өңірлердегі көне ескерткіштермен, мəдениет ошақтармен танысты, поэзия, драматургия, проза жанрларында көптеген шығарма, ғылыми еңбектер жазды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек нəтижесінде түрлі жанрда əдебиетке олжа болар тың туындылар өмірге келгенін айтады.
Жобада әлі қамтылмай жатқан аймақтарға да сапралар ұйымдастырып, шаралар жалғаса береді. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры»»мақаласы аясында мәдени жəдігерлерді насихаттау мақсатымен «Тарихи-əдеби өлкетану» деген жаңа жоба ұсындық. Бастамамыз əдебиеттегі үдеріс əрі қарай дамып, қаламгерлер қауымының еркін шығармашылықпен шұғылдануына жол ашады деп сенеміз, – деді Ақберен Елгезек.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында өлкетанулық білім алуға жағдай жасау бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Мысалы, музейлер базасында «Тарих», «География», «Әдебиет» пәндері бойынша жылына 2 сағат өлкетану сабақтары ұйымдастырылды. Өлкетану үйірмелері мен клубтары ашылды. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының оқу бағдарламасы бойынша 5-7-сыныптарға «Өлкетану» курсы енгізілді.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар бойынша соңғы үш жылда барлық мектептерде 1670 музей, 2179 үйірме жұмыс істеуде. Өлке тарихын жастардың бойына сіңіруді көздейтін шараларға 93 oқyшылaр сaрaйы, төрт жaс нaтyрaлиcт caрaйы, 18 ayлa клyбы тaртылып, 1 миллионнaн acтaм oқyшы қaмтылды.
Жоғарыда аталған шаралар «Тyғaн жep» бaғдapлaмacы аясында орындалуы керек маңызды міндеттер бойынша ілгерілеу барын көрсетеді. Мысалы, республика бойынша 2 жыл 9 ай ішінде жоспарланған 29 922 іс-шараның орнына 39 149 шара өткізілген. Жалпы саны 27,3 миллион адам қамтылған. Мұнда жоспардың асыра орындалуы 130% болған.
Арнайы жобаның игі бастамаларының бір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Бұл ретте еліміздің барлық аймағында үш жыл ішінде 2 148 нысан салынып, 1 713 нысан жаңғыртылғанын айтуға болады. Ал аталған оң нәтижелерге қол жеткізудегі негізігі фактордың бірі – бюджет қаржысын тиімді жоспарлау. Мәні зор бағдарламаға бөлінген мемлекет қаржысының жоспарын асыра орындаудың көрсеткіші – 2 миллиард 475 миллион 893 мың теңге.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарлама мәніне тоқталған кезде ең бірінші мәселе ретінде ауқымды өлкетану жұмысын жүргізуді, экология, ауылдарды абаттандыру мен тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіруді атаған болатын. Бұл ретте туған жерінің гүлденуіне үлесін қосуды қалайтын меценаттарды ынталандыру да назардан тыс қалмақ емес.
Елбасы бағдарлама мәні мен маңызын айқындайтын үш ерекшелікті атаған еді. Әуелгі ерекшелік – білім саласындағы өлкетану, ауылдарды көркейту мен экологияға мән беру. Екінші — өзі түлеп ұшқан өлкесін гүлдендіруге үлес қосуды қалайтын азаматтарды қолдау. Кейінгісі — биліктің, барлық ел азаматтарының жұмылған жұмысы арқылы туған жерін құрметтеу тағылымын ертеңгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек ету. Ең бастысы, алдағы бастамалар жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алынар болса, «Туған жер» бағдарламасы өз жемісін берері сөзсіз.
Биболат Сәтжан