Жобаны жүзеге асыру жұмысы басталғалы бері дамыған елдермен тығыз мәдени байланыс жасау бағытында көптеген іс-шара атқарылды. Айталық, ұлт мәдениетінің үздік туындылары талданды. Кино мен театр, дәстүрлі музыка, сурет өнері мен әдебиетіміздің жауһарлары іріктеліп, олардың шорт-парақтары жасалды. Соңғы үш жылда жоба міндеттерін қамту бойынша барлық өңірлерде жүйелі жұмыс жолға қойылды. Оның нәтижесін үш салалық бағыт бойынша қарастыруға болады.
Біріншіден, жоба аясында материалдық мәдениетіміздің үздік үлгілері әлемді аралады. Мысалы, ауқымды шараның бірі – «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме-жобасы әлемнің 26 елінде өтті. Қытайда, Түркия мен Швецияда, басқа да әлем елдерінде қазақ әдебиетінің 28 орталығы ашылды. Британ музейінде «Еуразия көшпенділері» халықаралық көрмесі, Нью-Йоркте еліміздің көркем жерлері кеңінен қамтылған фотокөрме және «Азия мен Еуропа қиылысында. Ә.Қастеев атындағы өнер музейі топтамасынан ХХ ғасыр жауһарлары» көрмесі өткізілді. Сонымен қатар Лос-Анджелесте Қазақстан мәдениеті мен киносы күндері ұйымдастырылды. 71-ші халықаралық Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны жұмыс істеді.
Hollywood Film Festival кинофестивалінің қорытынды кезеңінде «Әміре» фильмі Best Global Hollywood Film жоғары марапатын иеленді. Біздің еліміздің атынан ұсынылған Сергей Дворцевойдың «Айка» кинокартинасы «Оскар» премиясының шорт-парағына енді. Аталған фильмде басты рольде ойнаған отандасымыз Самал Есләмова Канн кинофестивалінде бұрынғы кеңес елдері кеңістігі ішінде тұңғыш рет «Үздік әйел ролі» аталымын жеңіп алды.
Екіншіден, әдебиетіміз бен бейнелеу өнеріміз әлемдік деңгейде насихаттала бастады. Заманауи қазақ әдебиеті БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың шығармасы енген қазақ прозасының және поэзиясының антологиясы жасалды. Сондай-ақ, олардың шет елдерде таныстырылымы өтті.
Сонымен қатар арнайы халықаралық сарапшылар тобымен 254 автордың 500-ден астам жұмысы ішінен 60 суретшінің 180 жұмысы таңдап алынды. Нәтижесінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазіргі қазақ сурет өнерінің антологиясы» каталогы жарық көрді.
Үшіншіден, театрлар мен өнер ұжымдары әлемдік сахналардан көрінді. «Астана Балет» театры ұлттық стильдегі үлкен бағдарламамен Нью-Йорк сахнасында өнер көрсетті. «Қазақ концерт» ұймының Forte Trio мемлекеттік триосы және «Астана Сазы» фольклорлық ансамблі Пезародағы XV халықаралық музыка байқауында жеңіске жетті. «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі «Түрксіб» концертімен Лондонда көрермен қошеметіне ие болды. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры Токиода «Ақтастағы Ахико» қойылымы, «Ұлы дала елі» концертімен өнер көрсетіп, Англиядағы қазақ өнердің үшінші фестиваліне қатысты. Сондай-ақ Авиньон қаласында М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры мен «Астана Мюзикл» мемлекеттік театры өз қойылымдарын сахналады.
Жоба аясындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде «Астана опера» театрының Италия, Оман, Венгрияға, Абай атындағы опера және балет театрының Италия қалаларына, «Қазақ концерт» ұжымының Франция, Италия, Германия, Ресей және басқа да елдерге гастрольдік сапарларын атап өтуге болды.
Жалпы айтқанда, жоба шеңберінде соңғы 3 жыл ішінде шет елдерде республикамыздың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен бір таныстырылым, үш фильм тұсаукесері мен көрсетілімі, 55 гастрольдік сапар, 19 көрме, бір фестиваль өткен екен.
Жобаның үш салалық бағыты бойынша атқарылған шаралар жаһандану үрдісінде мәдени құндылықтарды экспорттау — оны сақтау мен өркендетудің ең нәтижелі жолы екенін көрсетеді. Жоба басталғалы бері 8 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Оған 948 342 233 теңге бөлініп, 2 миллионнан астам адам қамтылған. Ұжымдардың шет елдердегі іс-шараларға қатысуымен жүзеге асқан жобалар мен іс-шараларға 1 561 148 550 теңге сомасында демеушілер қаржысы тартылған.
Жалпы, ел ішінде өткізілген 5 909 іс-шара елеулі мәдени нәтиже береді. Алайда арнайы жобаның міндеті – қазақстандық мәдениетті әлемдік деңгейге көтеру. Бұл ретте барлық күш шығармашылық шеберлікті арттыруға, мәдениет қайраткерлеріне қолдау көрсетуге, көркем мәдениетті республика көлемінде насихаттауға бағытталуға тиіс. Дегенмен бұл бағытта бірқатар мәселелер де бар. Мысалы, өңірлер сандық нәтижелерге қол жеткізу үшін әдетте ағымдағы іс-шараларды жобаға енгізеді. Жоба аясында өткізілген іс-шараларды есептеудің бірыңғай әдіснамасы жасалмаған. Сонымен қатар бірқатар шараның сапасы мен форматы арнайы жоба аясында қойылған міндеттер деңгейіне жетпей жатады.
Қазіргі қоғам үшін мәдениет – ең алдымен, тұлғаны рухани-эстетика тұрғысынан дамытудың құралы. Мұндағы базалық тірек – ұлт мәдениетінің тамыры, тарихи тәжірибелер мен дәстүрлеріміздің үздік үлгілері, ұлттың өзіне ғана тән кодын сақтау. Сондықтан алдағы уақытта негізгі басымдық мәдениеттің ұлттық түрлерін насихаттауға бағытталуы қажет. Бұл ретте жоба аясындағы шаралардың қазіргі заманғы трендтерге байланысты форматын жандандыра отырып, шығармашыл зиялыларға қолдау көрсетуге барлық мүмкіндік бар.
Ең бастысы — арнайы жоба елдің рухани өмірінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Азаматтардың өз елінің мәдениетін терең ұғынуына, әлемдік деңгейде артықшылығы мен ерекшеліктерін айқын сезінуіне жағдай жасай алды. Аз уақыт ішінде БҰҰ көлемінде беделі жоғары 6 тілді меңгеруге бетбұрыс жасалды. Бұл үрдіс арнайы міндеттелмегенімен, еліміз осы арқылы ұлтымыздың жаһандық бәсекеге қабілетін көрсетеуде өте жоғары нәтиже көрсетті. Жаһандық бәсекедегі қабілет – өз мәдениетімізді жандандыру. Бұл ретте жоба мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, біз қалыптасқан мәдениетімізді ғана емес, қазіргі таңда іргеленіп, дамып жатқан заманауи мәдениетімізді әлем назарына ұсына білдік.
Жобаны жүзеге асыруда билік өкілдері мен жазушылар, ақындар, шығармашылық адамдарының бірлескен белсенді жұмысы өз тиімділігін көрсетті. Тағы бір атап өтерлігі, мәдениетіміз тек қана қағаз немесе кітап ретінде емес, түрлі мультимедиа тұрғысында да таныла алды. Бұл оқуға қарағанда барынша көзбен көруге, визуализацияға назар аударатын жаһандық тенденциялардың талаптарына сай келеді. Сондықтан, атқарылған жұмыстың ауқымы үлкен деп айтуға толық негіз бар.
Тындырымды еңбектің арқасында алдағы уақытта мәдениетіміз жаңа қырларынан жаһанға таныла беретін болады. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінге дейін қол жеткізген мәдени байланыстарымызға, рухани құндылықтарға қандай есеп беретінімізді қарастырып алуымыз керектігін айтқан болатын. Мәдениетіміздің тұрақты өркендеуі үшін жобаның алдағы міндеттері нақтыланып, үнемі қайта жүйеленіп отыруға тиіс.
Биболат Сәтжан