Биыл Алматы облысында 6 сервистік-дайындау орталығы құрылды

Елбасының «Қазақстан — 2050» стратегиясында тұрғындарды отандық азық-түлікпен қамту мемлекеттің басты бағдары ретінде белгіленіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Бұл ретте Алматы облысында қант қызылшасы мен шектес салаларды дамыту мақсатында «Жетісу» ӘКК сервистік-дайындау орталықтарын құрды.

Бұл шара облыстағы агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кооперациялау, машина-трактор парктерінің техникаларын жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында атқарылып отыр.

Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінінше, 2011-2019 жылдар аралығында жалпы саны 45 СДО құрылған. Соның ішінде 29 СДО қант қызылшасы бағыты бойынша, 7 СДО дәнді дақылдар, 3 СДО картоп, қалғандары көкөніс, жүгері, күріш, мал азығы бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл орталықтар облыстың 13 өңірін қамтып отыр. Лизингіге 1 116 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтары берілді. Сонымен қатар 250 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары біріктіруге мүмкіндік жасады. 12 700 жаңа жұмыс орны құрылды, соның 700-і — тұрақты 12 мыңы — маусымдық жұмыс орны. Орталықтар жыл сайын 850-900 шағын және орта шаруа қожалығына қызмет көрсетеді. Жылына 28 00 гектар егіс алқаптарын өңдеуге үлес қосып отыр.

Мұндай жұмыс биыл да жалғасып, дәнді дақылдар, күріш және мал азығы бағыттарында 6 СДО құрылды. Оларға жалпы сомасы 1,1 миллиард теңге болатын 86 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Соның арқасында 53 жұмыс орны құрылады. Аталған СДО-лар Ескелді, Көксу, Балқаш, Қаратал, Райымбек, Кербұлақ аудандарында жұмыс істеуде.

Жалпы сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары жоғары өнімділікті және заман талабына сай, олар негізінен Claas (Германия), John Deere (АҚШ), Amity Technology (АҚШ), Franz Kleine (Ресей), Grimme (Нидерланд), DEUTZ-FAHR (Германия), Monosem (Франция), Top-Down (Швеция), Kverneland (Норвегия), YTO International (ҚХР), Ростсельмаш, Беларус, Агромаш Холдинг және басқа да әлемнің жетекші зауыт-өндірушілерінен және олардың ресми дилерлерінен сатып алынды.

Бұл шаралардың барлығы да агроөнеркәсіпті кешенді дамытуда мультипликатив әсер береді.