Басты бетЖаңалықтарҚазақстан карантин...

Қазақстан карантин режимінен байыппен шығуды қолға алды

Қазақстан да өзге елдермен бірге дер кезінде шара қабылдап, 16 наурызда елімізде төтенше жағдай режимін жариялады, қатаң карантин шектеулерін белгіледі. Бүгін, 27 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім шығарғанын хабарлады. Бұл — індеттің шарықтау шегінен өтпеген еліміз үшін, ең әуелі азаматтардың денсаулығы үшін аса қажет, мәжбүрлі шара.

Десек те, Қазақстанда оқшаулану режимінен байыппен әрі кезең-кезеңімен шығу процесі басталып кетті. 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда өнеркәсіп орындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады. Осы үлгі өзге өңірлерге де енгізілмек. Сонымен қатар Президент бүгінгі мәлімдемесінде 1 мамырдан Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе рейстері ашылатынын, екі қалада аулалар, ойын алаңдары ашылатынын айтты. Қалыпты өмірге дайындық процесі коронавирустан қатты зардап шеккен Италия, Испания мемлекеттерінде де қолға алына бастағанын айта кету керек. Бұл мәселеде ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретіндей жүйелілік, кезеңдік, түсіністік маңызды.

Осылайша еліміз қазірден постдағдарыс кезеңдегі ауқымды өзгерістерге дайындалып жатыр. Қазақстан экономика, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау бағыттарында кешенді шараларды қолға алмақ. Төтенше жағдай режимі аяқталғанша Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Мемлекеттік саясатта денсаулық сақтау саласы алдыңғы орынға шығады. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс осы саланы жетілдіруге негізделген тың бағыттар мен бастамаларды айқындайды.

Жалпы алғанда, коронавирус індетімен күресуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат аз уақыттың ішінде нәтижесін беріп, еліміз дағдарыстан шығуға дайындалуды қолға алды.

Жасұланбек Майлыбай,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

жетекші сарапшысы