Нұрилә Сатыш 5-класта оқиды. Түске дейін қашықтан білім алады. Бос уақытында кітап оқып, сурет салады. Карантинге дейін балет үйірмесіне баратын. Қазір би педагогынан онлайн сабақ алып жүр.

Онлайн би

Мен онлайн би сабағына аптасына екі рет қатысамын. Үйірмедегі ең басты сабақ — классикалық би. Әр қимылымызды ұстазымыз көріп отырады. Созылумен, классикалық би қимылын жасаумен айналысамыз. Кейде қиын, бірақ шыдауға тырысамын, — дейді оқушы.

Нұрила
Нұрилә Сатыш. Фото жеке архивінен

Балғын бишінің педагогы Ираида Данилина — кәсіби балерина. Алматы хореография училищесін бітірген. 15 жылдан бері балаларды балет өнеріне үйретіп келеді. 2015 жылы Rondo балет студиясын ашқан. Карантин енгізілгелі шәкірттерін онлайн жаттықтырып жүр.

Ираида Данилина
Ираида Данилина шәкірттерімен. Фото Rondo студиясының Facebook-парақшасынан

Сабақты онлайн өткізу туралы ұсынысымды біраз ата-ана қуана қабылдады. Әрине, дайындық залда жаттыққандай өтпейді. Залда баланың қате қимылын қолмен көрсетіп, түзей аламыз. Қасына барып, қозғалысын бақылаймыз. Бала маманмен бірге көзбе-көз жаттыққанда жақсы нәтиже көрсетеді. Ал онлайн сабақ кезінде бұл мүмкін емес. Мұны ата-ана жақсы біледі және түсінеді. Балалармен Zoom бағдарламасы арқылы, ал ата-аналарымен WhatsApp-пен байланысып жүрміз. Жаттығу бір сағат болады. Жеңіл классикалық бимен шұғылданамыз. Онлайн сабақ кезінде балеттің жаңа элементтерін үйрету қиын. Біз тек өткен тақырыпты бекітіп, қайталаймыз. Биде қалыпты формадан шығып қалмау үшін үнемі жаттығып тұру керек. Бұрыннан білетін, үйренген би қимылдарын жасаймыз. Кейде шәкірттерім менің онлайн қадағалап отырғанымды ұмытып кетеді, дауысымды естіп барып бірден жинала қалады, — дейді Ираида.

Ираиданың айтуынша, үйірменің онлайн сабағы кезінде ата-ана балаларының қалай жаттығатынын көреді, оларды қолдап отырады, жетістігіне сүйсінеді. Ұстаз еңбегін де терең түсінеді.

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 10-класс оқушысы Нұрзат Әубәкіров те негізгі пәндерімен бірге фагот аспабы бойынша қосымша сабақты онлайн оқып жүр.

Нұрзат Әубәкіров. Фото жеке архивінен

Фаготта, фортепианода ойнаймын, гитара, домбыра тартамын. Карантинге байланысты сабақтар онлайн өтеді. Ұстазым Нұртас Айғалқаевпен бірге маманданған аспабым — фаготта көп жаттығамын. Әр сабақ уақыты — 30 минут. Үйірмеге аптасына 6 күн, кейде жексенбіде де қатысамын. Менің бос уақытым болмайды. Мектепте оқығанға жетпейді, дегенмен ұстаздарымызбен түрлі аспапта жаңа туындыларды онлайн үйреніп жатырмыз. Бізде тоқсан сайын емтихан болады. Қазір Кенжебек Күмісбековтің «Поэмасын», Антонио Вивальдидің «Ми минор» шығармасын фаготпен орындап үйрендім, — дейді Нұрзат.

«Бала дауысы» байқауына қатысқалы жүрген бір топ бала да вокалдан онлайн сабақ алып жүр. Әнші, вокал педагогы Айжан Керімқұловаға жас өнерпаздарды карантин кезінде байқаудың алғашқы кезеңіне дайындауға тура келген.

Көп жерде интернет сапасы нашар. Вокалдан бір сағат сабағымыз бірнеше сағатқа созылады. Үйде болған соң ой бөлінеді, өзге адамдар кедергі келтіреді. Баланың ән айту барысында дем алуын, диафрагмасын қадағалау керек. Дайындық студиясында ұстаз бен шәкірт бірлесіп жұмыс істегенге жетпейді екен. Бала алдыңда ән айтса, дыбысты таза айтып тұр ма, нотаға дұрыс түсті ме, тынысын бақылап тұр ма — қатесін бірден түзеп отырасың. Ал онлайн сабақ бұған мүмкіндік бермейді. Осындай кедергілерге қарамастан еңбек етіп жатырмыз, — дейді Айжан.

Айжан Керімқұлова
Айжан Керімқұлова. Фото жеке архивінен

Айжан Керімқұлованың шәкірттері түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орын алып жүр. Педагог негізі вокалдан онлайн сабақ беруге және онлайн байқау өткізуге үзілді-кесілді қарсы. Балалар мен ата-ана өтініп сұраған соң ғана ән айтуды видеобайланыспен үйретуге келіскен. Оның айтуынша, орындау шеберлігі асқан жауапкершілікті талап етеді.

Бәрі ұстаздың кәсіпқойлығына тікелей байланысты. Баланың музыкалық қабілеті болмаса да, қиын. Сахнада тірі дауыспен ән айта алмайтын кейбір әншінің вокалдан онлайн сабақ беріп жүргеніне таңғаламын. Интернет сапасы жақсы болған күннің өзінде ән айтуды онлайн үйретуге келіспеймін. Онлайн байқаулар бұған дейін де болған, қазір тіпті көп. Бұл бәрібір нағыз талантты анықтай алмайды, — дейді ол.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Wadim Semin)