Айтыскер ақын Жансая Мусина «Карантин» деген өлең жазды. Ол әлеуметтік желіде тез тарады, бұл жырды шумақтап оқу актерлар мен журналистер арасында видеочелленджге айналды. Ақын «Ей, адамдар, үйімнен шыққан күні ел аралап бәріңді құшақтаймын!» деп, бұл оқшау-оңаша жағдай бізге қарым-қатынастың қадірін ұғындырғанын жырлайды.

Карантин

Терезеге байландым. Көңіл түзде.
Биыл көктем ұқсайды қоңыр күзге.
Жаға жайлау жүргесін жатқан шығар
Өмір жайлы үйретіп ӨМІР бізге.

Өз пәтерің болғанмен таза мекен,
Жалғыздықтан ЖАН жүдеп азады екен.
Кең далаға сыймайтын қазақ үшін
Қабырғаға қамалған азап екен…

Дүр сілкінді ДҮНИЕ, рас, түтігіп,
Жүрсе екен деп кәрі мен жас күтініп.
«ӨЛМЕЙМІЗ!»- деп әйелдер ақ кебіннің
Матасын жыртып отыр маска тігіп.

Қара жерді қауіппен басып жүрміз,
Аштық келмей, айлық ас тасып жүрміз.
Көрінбейтін пәлекет жабысардай
Көрінгеннің бәрінен қашып жүрміз.

Арпалысып ҮРЕЙің ҮМІТпенен,
Індет кірсе, кетердей іріп денең,
Асыраушың болғаны естен шығып,
Қолыңа да қарайсың КҮДІКпенен.

Өліарада түседі араша кім?
Басы қатып кеткендей қарашаның.
Қымбат иіссуларың сіресіп тұр,
Сөрелерде қалмапты қара сабын.

Жазыла ма белгісіз ғазал жаңа,
Кімді келер білмейміз назарға ала.
Алаламас байсың деп, кедейсің деп
Адамдарды бөлмейді АЖАЛ ғана!

Қаша алмайсың, аңсама құр ондайды,
Блокпостар сырыңды ұға алмайды,
Ешбір жанды себепсіз кіргізбейді,
Ешбір жанды себепсіз шығармайды!

Алыстағы аңқылдақ ауыл қайда?
Барушы едім жылда бір сәуір, майда.
Уысыңа сыйғызып бар тәттіні
Туысыңа жете алмау — ауыр қайғы, ә?!

Басымызды әр жаққа ала қашпай,
Бір болғанда сынбаймыз қара ағаштай.
ТІРШІЛІКті тоқтатып сағынсақ та,
ТІРІ ЖАНмен отырмыз араласпай.

Жолымды енді дегендей тұсатпаймын,
Қозғалады пойыз бен ұшақ қай күн?!
Ей, АДАМДАР, үйімнен шыққан күні
Ел аралап бәріңді құшақтаймын!

Әлеуметтік желіде көрнекті ақын Исраил Сапарбайдың «Алматының ахуалы» өлеңі де көпшіліктің назарын аударды. Поэзия өкілі көшесінде қозғалысы сап тыйылған мегаполисті «үнсіз қалған үнтаспаға» теңейді.

Алматының ахуалы

Дәрмені жоқ,
Даты көп дімкәс қала
Үнсіз қалған ұқсайды үнтаспаға.
Көнбей жатыр әуенім әуселеме,
Келмей жатыр өлеңім ұйқасқа да.

Ауа тымық,
Ай сынық,
Дала сұлық…
Көк пен жердің алты қат арасы бұлт.
Тобыр менен обырды, кәне, шіркін,
Алатаудан жіберсек әрі асырып?!

Хабар қаңқу,
Сөз — өсек,
Тіл — ақпарат…
Көктен жұлдыз тұрғандай жылап қарап…
Іннен шыққан індетін кім жасырмақ?
Түннен туған күнәсін кім ақтамақ?

Күнәліміз!
Жылаңыз,
Қуаныңыз:
Жын-жыбырдың ұраны — жыр-әніміз.
Құлақтарда бітелген бұлағымыз,
Жүрәттарда жұтылған «жұмағымыз».

Ал індет пе?..
Ал індет кәміл дертте:
Жаның көкте…
Тастай бер тәніңді өртке!
Залым көпте заманың заруайым,
Зәнталаққа айта бер, зарың жетсе.

Дәрмені жоқ,
Даты көп,
Дімкәс қала
Үнсіз қалған ұқсайды үнтаспаға.
…Өзің кірер есікке еңсеңді бұр,
Өзің жүрер жолыңа күл тастама!..

Ақын Ақберен Елгезек коронавирус пандемиясына арнап «Мінәжат» деген өлеңін шығарды. Өлеңді актер Нұркен Өтеуіл оқыған нұсқа Facebok-те кең танылды. Автор өлеңін оқыған адамдардың видеосы көп келіп жатқанын жазған. «Мінәжатты» бір топ актер да оқып, видео түсірді. Сөз өнерінің шебері «Бір адамның өлгенін естіп қалу өзім өліп қалғаннан ауыр маған» деп, бұл жұқпалы аурудың салдары қаншалықты қорқынышты екенін білдіреді.

Мінәжат

Тұра берсін жерім аман, тауым да аман;
Аман жүрсін досым да, жауым да аман;
Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,
Қиналғанын сезіну ауыр маған…

Көңілім бар ешкімге тарылмаған,
Аман болсын жат адам,бауыр да аман,
Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан,
жұлдыз ағып құласа, ауыр маған…

Шаршасам да қуатты дауылдардан,
Жауындардан беймезгіл сауылдаған.
Бәріне де көнер ем, тек сәбидің,
Жаутаңдаса жанары, ауыр маған…

Далам да аман тұрса екен, бауым да аман,
Қалам да аман тұрса екен, ауыл да аман.
Бір адамның өлгенін естіп қалу
Өзім өліп қалғаннан ауыр маған.

Өткереді не зұлмат, құйынды адам,
Елім аман болсыншы, үйім де аман.
Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,
Сол болсыншы беретін сыйың маған!

Әлібек Шегебайдың «Дәуір дерті» өлеңін Facebook қолданушылары көп бөлісті. Бұл өлеңді Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының артисі Қуандық Қыстықбаев Қазақ радиосының эфирінде оқыды. Автор «бұл дерттің адамзатқа айтары бар сияқты» деп, қатерден сақтану үшін қоғамды пейіл-ниетті түзеуге үндейді.

Дәуір дерті

Дабыра мен дақпыртқа құмар ек тым,
Қауқылдаған кешегі құлады екпін.
Тынышталып бір сәтке,
Тыңдайықшы,
Не дегісі келіп тұр мына дерттің?!

Отырмыз ғой арандап, алаңдап та,
Тыңдайықшы,
Құлақ сап ғалам жаққа.
Тілін егер түсінсең мына дерттің,
Айтары бар секілді адамзатқа.

Жақсылықты жамандық жуып бітті,
Жүректер де кеткендей суып тіпті,
Оңашада отырып ойлансын деп,
Адамзатты үйіне қуып тықты.

Зар илетіп сонан соң сор үйірген,
Заман да өтті молалар мол үйілген.
Бар болғаны үйіңе қамап қойды,
Қуып шықса, қайтер ең сол үйіңнен.

Тексіздікке төр беріп күле кірген,
Тапты ма екен тілінен, тілегінен.
Байқасаңыз мына дерт,
Басқа емес,
Жайылуда адамзат жүрегінен!

Адамзат атаулыны төрт қабырға ішіне қамап тастаған карантин ақын Айжан Тәбарак жүрегінен де жыр туғызды. Ол «терезенің сыртында сырқат көктем» деген көркем айшық ойлап тапты, жырын пандемия оң өзгеріске ықпал ететін табиғи құбылыс шығар деген оптимизммен аяқтайды.

***

Бәрінің бұрынғыдай боларына
Енді көңіл сене ме бір қап кеткен.
…Арқасын түнге беріп отыр үнсіз
Терезенің сыртында сырқат көктем.

Мағынасыз болса да айналадан,
Оның жалғыз күткені сенім еді…
Құлазыған көшесін аралауға,
Жеңілтек желдің өзі ерінеді.

Өткен шаққа қиясың жүрек кешкен
Ең аяулы кездердің бәрін қайдан.
…Көрші апай балконда ыңылдайды
Жылдарға көндіккендей әрі тайған.

Мың құбылған осынау тіршілікте,
Жұқтырмаған кім қалды жанына кір?
Сонда да адамдарға көңіл үшін,
Сеніп көргім келеді тағы да бір.

Жаратқаннан басқаның бәрі өзгермек,
Тағдыр шығар.
Оны да түсінейік,
…Жер бетінде боп жатқан өзгерістің
Барлығы да махаббат үшін дейік.

Коронавирус
Иллюстрация: Dribbble.com/©DewApples

Ақын Мирас Асанның поэзиясында коронавирус — «кіп-кішкентай әлемдегі дардай қатер».

***
Қаңтарылған ойлар,
Аңтарылған сөздер.
Барылмаған тойлар,
Киілмеген бөздер.

Дерт жұқтырған ендік,
Бетпердесіз ауа.
Қапастағы теңдік,
Табылмаған дауа.

Қорқынышты жөтел,
Қолғап киген қоғам.
Удай қымбат шекер,
Судай тегін адам.

Берілмеген қолдар,
Сұралмаған халдер.
Парақталған томдар,
Еске түскен әндер.

Кітапхана жым-жырт,
Тым орынсыз ыржың.
Терезелер күңгірт,
Қабырғалар мылжың.

Кіп-кішкентай әлем,
Аты дардай қатер.
Түшкірігім — «өлең»,
Кеңістігім — пәтер.

Іші пысқан қала,
Індет кезген желі.
Қол жумаған бала,
Құшақташы мені.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы індет кезінде жан аямай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге «Жаны ізгілерім» аталатын өлеңін арнады. Ақын қатер төндірген беймәлім вирустан адамзатты дәрігер ғана құтқара алатынын айтып, медицина мамандарына зор құрметін жеткізеді. Өлеңге әнші, композитор Медет Салықов ән жазып, «Карантиндегі жұлдыз» жобасында орындады. Қазақстан Жазушылар одағы Facebook-тегі парақшасында өлеңнің автор оқыған нұсқасын жария етті.

Жаны ізгілерім

Әбігерге сап тұлға біткенді,
Биылғы көктем бұлданып келді.
Ғаламды тұтас індет құрсаулап,
Адамизатқа бір қауіп төнді.

Өрге домалап, тасың ғаламат,
Өткіздің күндер басыңнан абат.
Тәңірдің бәлкім сынағы шығар,
Індет жіберер ғасыр жаңалап?!

Өткен дәуреннің сырын барлаған,
Не күй шертеді ғылымдар маған?!

Обалың кімге болды екен сонда,
Обадан жаппай қырылғанда адам?!

Шырылдап жанның қылы шідермен,
Жаулықтың түспей қылышы белден.
Туысқанымның жазығы не еді,
Тырысқақ тиіп тырысып өлген?!

Асаудай арыны бастыққан елдің,
Тағдыр тәлкегін жақсы ұққан ермін.
Кесір күндерде кісі қолымен,
Қастық та көрдің, аштықтан өлдің.

Алғы күндерің ғажаптан да әрі,
Аса алсын кімнің қазақтан бағы?!

Маңдайда бағың шырадай жансын,
Арайлап атқан азат таңдағы!

Шыбынсыз жаздай саясы нұрлы,
Құшағыңды өмір жаясың гүлді.
Тәртіпке көніп, тізгін тартпасаң,
Топалаң, індет аясын кімді?!

Ырзығын орта жолда шоқыған,
Бақсы-балгер мен молда-сопыдан.
Үміт күтпе, елім, құр дәмеленбе,
Жанашыр дәрігер, жолдас оқыған!

Тән саулығыңды жаның қаласа,
Оқығандарсыз бағың аласа.
Жарғақ құлағы жастыққа тимес,
Дәрігерлер ғана — жаныңа араша!

Жұрт қамын ойлап жан жүдеткенің,
Ұлт үшін түрген бар білектерін.
Абзал жандарға құрметім бөлек,
Ақ халат киген ақ жүректерім!

Дауасын дерттің нағыз білерім,
Ажалға араша тәрізділерім.
Аппақ қанатты періште сынды,
Жасай бер, жаса, жаны ізгілерім!