Серік Әуелбековтің тұрақты тіркеуі Талғар ауданында болғанымен «Шаңырақ» ықшам ауданында тұрады. Карантин режиміне дейін қалада жұмыс істеп жүріп, одан шығып кеткен. Басқа жұмыс іздеп жүрген кезінде төтенше жағдай басталып, табыссыз қалған.
Жаңалықтардан мен сияқты уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға «Үкімет жәрдемақы бергелі жатыр» дегенді естіп, мен де өтініш жазып жібердім. Бірден жауап келіп, ақша түсті. Отбасылы адамдар ең бірінші баланың қамын ойлайды. Екі қызым бар. Бір жағы, бұл — солардың несібесі ғой. 42500 теңге алған әрбір адамда біз сияқты қуанған шығар. Аман-есен осы карантиннен шықсақ, екі қолға бір күрек табылып қалар. Осындай қиын шақта елдің амандығы мен саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ел азаматтары мен дәрігерлерге күш-қуат берсін. Халқымыз аман болсын, — деді Серік Әуелбеков.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 42 500 теңге көлеміндегі төлем төтенше жағдай аяқталғанша ай сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Ол ресми және бейресми жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға беріледі.