«ҚазАқпарат» тілшісінің хабарлауынша, шарада Еуразия интеграциясындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі талқыланды. Университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбестің айтуынша, Кеңес Одағы 1991 жылы ыдырағаннан кейін одақтас республикалардың арасындағы тарихи экономикалық, мәдени байланыстардың тиімді тұстарын сақтап қалу маңызды болды. Сол себепті 1994 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразия интеграциясы идеясына бастамашы болды.
Бұл әрине, бұрынғы КСРО кеңістігінде жаңадан құрылған ТМД елдері аясындағы қарым-қатынастардың бейбіт түрде бірқалыпты дамуына бағытталған идея еді. Сол идеяның аясында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды, — деді Мақсат Алпысбес.
Тарихшы интеграция процестерінің ендігі міндеті Еуразия экономика одағына мүше елдер арасында тепе-тең қарым-қатынас орнату және одақтас елдер ынтымақтастығын одан әрі арттыру екенін айтты.
Экономикалық интеграция әр тарапқа тиімді болуға тиіс. Біздің ойымызша, Еуразиялық экономикалық интеграция процестері өзінің толық деңгейіне жетті. Енді осы одақ аясындағы бес мемлекет, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения және Беларусь бір-бірінің ұлттық тәуелсіздігін құрметтеп, тепе-тең қарым-қатынас жасауға тиіс, — деді Мақсат Алпысбес.