Шетелдік жұмыс күшін тартпақ болған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы қазақстандық жұмысшыларды еңбекке араластыру талабын орындамаған. Облыстық прокуратура тексеріс кезінде өңірдегі өзге де ірі мұнай компанияларының Қазақстан заңнамаларын орындамай отырғаны анықтады.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 8 қытай азаматын Ақтөбеде әкеледі. Бірақ шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде қазақстандық азаматтарды да еңбекке араластыру талабын орындамайды. Сол себепті шетел жұмысшылары кері қайтарылды. Әрі, шетел жұмысшыларының бәрі басшылық қызметке жайғаспақ болған. Оларға Ақтөбедегі ірі мұнай компаниясында қоғамдық тамақтану басқармасының директоры, жедел эксплуатация орталығы басқармасының директоры, мұнай және газ өндіру бөлімі бастығының орынбасары және инженер қызметтеріне алынбақ болған екен», – дейді облыстық прокуратураның І басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов.
Басқарма басшысының айтуы бойынша, биыл 1500 жуық оралман төлқұжат ала алмады. Олар ел азаматтығына қабылдау кезінде тиісті органдарға өтініш білдірмеген. Сонымен қатар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ жандарды елден тысқары шығару шешімінің орындалуын ешкім қадағаламаған. Нәтижесінде 25 өзбек азаматы сот шешіміне қарамастан ұзақ уақыт бойы Ақтөбеде жүрген. «Қазір оларға қатысты тергеу ісі жүріп жатыр», — дейді Маратбек Мырзамұратов.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, биыл Ақтөбе облысына 35 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 12 мың адамға аз. Прокурорлардың айтуынша, өңірде жұмыс азайып, келушілер қатары сиреген.